«Ауылдан» алары көп
Тай қолтығын терлетіп, алыстан арнайы келген қонақтар бір ғасырға жуық тарихы бар өңіріміздегі қара шаңырақ «Қостанай таңы» газетіне ат басын бұрды. Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі Қоғамдық Кеңестің мүшесі, «Айғақ» Медиа» ЖШС-нің бас директоры Дулат Назарбекұлы бастаған меймандар редакциямыздың тыныс-тіршілігімен таныс болды.
Қостанай облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов қонақтарға сонау 1922 жылы алғаш «Ауыл» болып құрылған газеттің тарихын егжей-тегжейлі түсіндірді. Соғыс ардагері, сондай-ақ кезіңде редактор болып басшылық еткен Сабыржан Мәсәлімов пен Сары Қазыбековтың елеулі еңбектерін ескере кетті. Ұлты татар болса да, қазақ тілінде мақала жазып, газет тізгінің ұстаған тағы бір соғыс ардагері Мырзахмет Ғалымжановтың қызметтегі қыр-сырын айтып тамсандырды. Ілкідегі тілшілер ісі әрқашан мақтаныш екені рас.
Сонымен қатар, астықты өлкенің тарихи тойға дайындығы жайлы сөз қозғалды. Газеттің бұл айтулы мерекеге өз үлесін қосып, журналистер ұжымы аянбай тер төгетінін айтты. Қазақ Хандығының 550 жылдығын насихаттап жүрген Дулат Әбіш, «Қостанай таңының» арғысы мен бергісін зерделеп, өткені мен келешек жоспарларын саралап, Бейімбет Майлин мен Мұхамеджан Сералин мұрындық болған газеттің бүгінгі аяқ алысына көңілі толып, өзінің риазшылығын білдірді.
Бұдан өзге, шаһардың басқа да шырайлы жерлерін аралады. Хандықтың бес ғасырлық тойын үгіттей келген шымкенттік делегация Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында болып, енді Қостанай арқылы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласына жол тартпақ.
Кенже ҚОНЫСБАЙ