43 адам от пен судың құрбаны болған
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде ағымдағы жылдың жеті айында атқарылған жұмыстардың барысын қорытындылаған брифинг өтті.
Өртке қарсы қызмет мамандарының айтуынша, жыл басынан бері 655 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 19 адам көз жұмған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өсіп отырған көрінеді. Мамандар бұған көбіне адамдардың мас күйінде болуы және өрт қауіпсіздігі ережелеріне салғырттық танытуы басты себеп болуда дейді.
-Өрт оқиғалары тұрғындардың салғырттық танытуынан, балалардың отпен ойнауынан, үлкендердің ішімдік ішіп, үйде темекі тартуының салдарынан болып жатады. Өкінішке қарай, оның соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Ағымдағы жылдың жеті айында 19 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Сондай-ақ, 24 адам суға кетті, оның үшеуі балалар. Бұған да адамдардың суда жүзу ережелерін білмеуі, мас күйінде суға шомылуы басты себеп болуда, – дейді өртке қарсы қызмет майоры Алмат Жаныспаев.
Брифинг соңында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс тұрғындарына суға шомылу кезінде негізгі қауіпсіздік шаралары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, абай болуды ескертті.
Қарлығаш ОСПАНОВА