300 литр ішімдікпен ұсталды
Қарабалық ауданының ІІБ қызметкерлері жүргізушілік құжаттарын тексеру мақсатында тоқтатқан автокөлік иесін жауапқа тартты. Тексеру барысында азаматтың көлігінен есептік-бақылау маркасынсыз алкоголь өнімдерін тәркіледі.
Тәртіп сақшылары әрқайсысына 5 литрлік құтылардың төрт данасы сыйғызылған 15 жәшікті әшкереледі. Беслитрлік бөтелкелердің 32-сіне коньяк, 28-іне спирт толтырылыпты. Заңсыз тасымалмен жүрген ішімдіктің жалпы көлемі – 300 литр. Құқықбұзушы Роман Михейлис атты Қостанай қаласының тұрғыны болып шықты. Тұрмыстық техника бойынша қызмет көрсетумен айналысқан кезіндегі кәсіпкер табыстың, көлеңкелі де болса, жаңа көзін тапқысы келгенге ұқсайды.
«Кәсіпкер» Михейлистің бар ұтылғаны – қолында алкогольді сақтауға және бөлшектеп сатуға арналған лицензияның болмағандығы. Сотта да кінәсін мойындады. Алайда алкогольді Қарабалық ауылынан 70 мың теңгеге сатып алғанын алға тартып бақты. Жеке тұтыныс үшін және дос-жарандарын қарық қылмаққа қалаға алып бара жатыпты-мыс.
Сылтауы сотты «таңдандыра» алмады: әкімшілік жауапкерлікке тартылып, 50 АЕК, яғни 99 100 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Жандос Жүсіпбек