ҚОСТАНАЙДА – ҚОС АЛТЫН!
Гонконгтан сүйінші хабар! Қостанайлық қос зілтемірші Залим Кувамбаев пен Екатерина Крюкова 2015 жылғы Азия чемпиондары атанды. Бес жыл бойы әлемдік спорт сахналарында пауэрлифтинг бойынша атой салып жүрген саңлақтар қаладағы "Жоғары спорт шеберлігі мектебінде" жаттығады. Бас бапкері – Игорь Шилов.
Азия Чемпионатында Екатерина 211 келіні еңсеріп, сары құрлықтың жаңа рекордын орнатты. Әулиекөл ауданының тумасының "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" екенін білеміз. Катя қыздың жетістігіне 2013 жылы да куә болғанбыз. Сол кезде Ресейде өткен чемпионатта күміс медаль тағынған еді.
– Ең алдымен, бұл бапкерімнің жеңісі дер едім. Жарыс күніндегі қойған тактикасы жүзеге асып, алтыннан алқа тақтым. Игорь Шилов – пауэрлифтинг спорты бойыншы облыстағы үздік бапкерлердің бірі. Мен ол кісіден спорттың қыр-сырын үйреніп жатқаныма қуанамын. Әрбір жарыс сайын айтатын ақыл-кеңестері мен үшін бағалы, – дейді Азия чемпионы Екатерина.
Екінші алтынды ел қоржынына салған Залим Кувамбаев темір көтеру спортының апайтөсі саналады. Облыс пен республиканы айтпағанда, сары құрлықта жеткен жеңістері толағай. Оның еншісінде Әлем чемпионы және бүкіләлемдік рекорд жаңартушысы атағы бар. Қытайда өткен бәсекеде де алдына жан салмаған қостанайлық Залим өз бабында екенін байқатты.
Бұл екі спортшы да Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқарамасының мақтаныштары. Енді олар алдағы уақытта өтетін Әлем чемпионатына қатысатын болады.
Қасқырбай Қойшыманов