Қыстың қамын жаз ойлаған қария
Бұқарбай Қалиұлы 79 жаста. Еңбек адамы. Кешегі кеңес үкіметінде бейнеттің бел ортасында жүріп шыңдалған. Бір күн үйде тыныш отырса буындары сырқырап, денесі құрсады. Әбден қара жұмысқа бейімделген қарт қолына айыр – күрек ұстамаса сырқатынан айықпайтындай көрінеді.
Ал балалары ержетіп, шаңырақ көтеріп, әр қалада жұмыс жасап жатыр. Сондықтан болар Бұқарбай ақсақал қолындағы азын – аулақ малын күтіп – баптап қысқы жем – шөбін өзі дайындайды. Қар кетісімен ескі тракторының май – суын жаңартып, шөп шабу науқанына сәуір айынан бастап дайындық жұмыстарын жүргізеді. Техниканың тілін толық меңгерген қария тракторы далада бұзылса бір сағаттың ішінде маторын ашып – жауып қайта іске қосып алады екен. Сөзі мен ісі келіскен қария маңдай термен тапқан еңбектің берекеті берекелі болатынын әңгіме арасында тілге тиек етті. Шаруашылық саласында көп жылдар еңбек еткен Бұқарбай Қалиев бастаған ісін аяқсыз қалдырмай соңына дейін жауапкершілікпен әрі ұқыпты аяқтағанды ұнатады. Құрал – саймандар жинайтын шағын цехының іші жинақы. Қажетті құралдарды іздеп әуре болмайсыз. Әрқайсысының өз орны мен реттік саны бар. Алыстан іздеп зарықпайсың. Не керектің бәрі осында. Темір жонатын арнайы станоктардың екеуі бар. Көршілерге де қолғабыс жасап, қолынан келген көмегін ыждағаттылықпен істейді. Кешегі күннің кермек дәмін татып, бүгінгі бейбіт заманның қазынасына айналған қария әлі күнге дейін жастарға ақылшы, жақын жұрағаттарының жәрдемшісі болып отыр. Ия, расында бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз ең алдымен менің ойымша өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп бағалаймын.
Биыл Торғай өзені тасып, шабындыққа шөп мол шықты. Бұл елдің несібесі. Жауын – шашында аз болған жоқ. Есесіне жердің бәрі құнарланып, көк шөптің нәрі әлі бойынан сусыған жоқ. Маусым айының басында шабындыққа орақ салғандардың алғашқысы Бұқарбай ақсақал болды. Жылдағы әдіспен жанына батырмай өз ауанымен шөп шауып, шөмелелеп қойған. Өз айтуы бойынша шамамен 30 тонна шөп шабылған. Оның он тіркемесін өз үйіне тасып, қорасына жинап алған. Жұмыскерлікке алған екі адамның еңбекасына он тіркеме шөпті теңдей бөліп тасып берді. Артылғанын арзан бағада жергілікті тұрғындарға сатып, жанар – жағармайға кеткен шығын орнын толтыру жоспарыда жоқ емес.
“Ауданымызда шөп дайындаумен айналысатын шаруашылық құрылымдары, жекелеген кәсіпкерлер көбейгелі тұрғындар мал азығын сатып алатын болды. Бұл халықтың әл-ауқаты тәуір екенін білдіреді. Себебі қалтасында қаржысы бар адамның қопада не шаруасы бар?! Мен шөп шабумен айналысқалы көп жылдың жүзі болды. Отбасылық қаржыма азғантай болса да демеу болсын деп жасап жүрген тіршілігім ғой, қарағым.
Қарап отырған жанға кім шөп әкеп бере қояр дейсің?! Арасында жегжат-жұрағатымыздың той-томалағы, садақасы бар дегендей, жасымыз үлкен болған соң, шақырған жерден қалғымыз келмейді”, – дейді Бұқарбай Қалиұлы.
Мінекей, сексенге келсе де өзінің қажыры мен қайратына сенген Бұқарбай ақсақалдың ісі осындай. Мал азығы – жан азығы. Төрт түлігінің қысқы жайын ойлаған қария шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті барында жасырған жоқ.
Желкесінен жалқаулық басқан орта буынды ағаларымыз біздің кейіпкерімізден үлгі алса, бейнеттенбей адал еңбектің болмайтынын сезер еді.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы