Жастар Елбасына сенім артады
Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде президент сайлауын мерзімінен бұрын 2015 жылы өткізу туралы Қазақстан халқына жолдаған Үндеуін Жанкелдин ауданының тұрғындары да зор ықыласпен қолдады.
Биылғы жылы осы саяси іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне Торғайдың жалынды жастары ауданда бірінші болып үн қосты. «Жалын» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиында бірлестіктің жетекшісі Г.Раисова, ұстаздар А.Қыпшақбаева, А.Жакупова, аудандық аурухананың бас маманы Ғ.Есполов, «Біздің Торғай» аудандық газетінің Бас редакторы Г.Ысмағұл еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерін тілге тиек етті. Екі он жылдықта елімізде, халықаралық саяси-экономикалық аренада көптеген бастамалар мен игі істердің сәтті жүзеге асуына тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор, – деді аудан жастары. Сондықтан Қазақстан дүниежүзіндегі дамыған отыз елдің қатарынан көрініп, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруға Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алдағы Президенттік сайлауда қолдау білдіретіндіктерін айтты.
Рәш ӘБІШЕВА
Жанкелдин ауданы.