Сотталған жол полициясы қызметкерінің жазасы жеңілдетілді
Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасы Андрей Дробязконың бірінші инстанциялы сот үкімін қайта қарады.
Естеңізіге салсақ, бұл қылмыс былтыр жасалған. Дробязко өткен жылдың желтоқсан айында, таң мезгілінде Қостанай қаласындағы Западный көшесінде «ВАЗ 2101» маркалы көлікті тоқтатады. Рөлдегі Т-дан жүргізуші куәлігін талап етеді. Алайда жүргізуші, көлігінен шықпаған күйі, куәлікті негізсіз көрсетуден бас тартқан. Екеуара тартыс ушығып, кейін көліктегі И. есімді жолаушы тысқа шығып, тәртіп сақшысына машинаны неліктен тоқтатқанын түсіндіруді талап етеді. Арадағы әңгіме дөрекілікке ұласса керек. Кейін жолаушылар орынды-орнына жайғасып, жөндеріне кетуге оқталады. Сол мезетте Дробязко, намысқа салса керек, әлгі жолаушыны, есікті күштеп ашу арқылы, жағасынан жұлқылап тысқа алып шыққан. Ашуға ерік берген ол И есімді азаматтың кеуде тұсынан, оң жақ көзінен жұдырықпен ұрып жібереді. Жерге құлаған жәбірленушіні аға сержант жалма-жан қайта тұрғызып алып, «УАЗ» маркалы автопатрульдік машинаның бортына басын соққылаған. Бұл көлік Дробязконың шақыртуымен келіп жеткен беті болатын.
Кейін келе қылмысынан жалтарғысы келген тәртіп сақшысы оқиғаны әділет органдарына жеткізбей шешуге әрекеттенген. Яғни «ВАЗ 2101» маркалы көлігінің иесінде жүргізуші куәлігінің жоқ екендігін пайдаланып, оның ереже бұзушылыққа жол бергенін айтып, ауызша келісім-шарт жасасуды ұсыныпты. Алайда жәбірленген жолаушы мұны жылы жаба салуды, кеш те болса, жөнсіз деп таныған.
2 маусымда сот үкімімен айыпталушы Александр Леонидович Дробязко 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол бұдан былай құқық қорғау органдарына қызметке алынбайды. Жазасын жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде өтетін болған.
Аппеляциялық сот алқасы бірінші инстанциялы сот үкімінің қылмыстық құқық бұзушылықтың күрделілігіне және сотталған тұлғасына сәйкес емес деп шешті. Дробязконың кәмілет жасқа толмаған баласының бар. Мінездемесі де жаман емес. Бұрын қылмыстық жазаға тартылмауы, материалдық және моральдық шығынды өтегені де сот назарынан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ жәбіркөрушінің А.Дробязконы бас бостандығынан айырмау өтінішін де қаралды.
Барлық жағдайды ескерген аппеляциялық сот алқасы сот үкімін өзгертіп, оны шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Енді ол осы мерзімде үнемі тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында болмақ.