Еңбек қауіпсіздігі – табыс кепілі
Осындай ұранмен Металлургтер күніне орай «ССКӨБ» АҚ бөлімшелері мен оған тиесілі кәсіпорын жастарының арасында дебат турнирі өтті.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, сөз саптау мәдениеті мен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға арналған турнирде 12 команда пікір таластырды. Шараның ашылу салтанатында жастарға кәсіпорынның әлеуметтік сұрақтар мен корпоративты мәдениет басқармасының басшысы сәттілік тіледі.
– Тіл қаруы – сөз. Өз ойларыңды дұрыс жеткізе білгенде ғана өмірде биік белестерді бағындыруға болады. Сондықтан бүгінгі турнирде барлық қарым-қабілеттеріңді көрсетіп қалыңдар. Сіздерді бірлестік президенті Береке Мұхаметқалиевтың атынан шын жүректен құттықтап, баршаңызға жеңіс тілеймін, – деді Александр Макаренко.
Турнирдың тақырыбына сәйкес жастар өндірістегі ең өзекті саналатын мәселелерді таразы талқысына салды. Атап айтсақ, еңбекті қорғау шараларын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру, жарақаттарды болдырмау мен «Стрела» бағдарламасын енгізудің алтернативті әдістері. Алғашқы кезеңде жастар еңбек қауіпсіздігін жақсартудың тиімді шараларын төрешілер назарына ұсынды. Мәселен, техникалық жабдықтарды жөндеу басқармасының командасы әр бөлімшеде жұмысшыларға арналған психологиялық жеңілдету кабинетін ашу қажет десе, Қашар кен басқармасының нәзік жандылардан құралған командасы жұмыскердің сана-сезімін өзгерпей, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайтынымызды атап өтті. Қашарлықтардың ойымен кен дайындау және байыту фабрикасы өкілдерінің ұсынысы бір арнаға тоғысып отыр.
– Ең алдымен біз бөлімшелер мен цехтарда болып, қауіпсіздік жүйесіне талдау жасадық. Комбинатта еңбек қауіпсіздігі бірінші орынға қойылатына көз жеткіздік. Дегенмен өндірістегі қайғылы оқиғалардың 90 пайызына жұмысшылардың өздері кінәлі боп жатады. Сондықтан бұл жерде ең бастысы жұмысшыны қауіпсіздікті сақтауға арналған шараларға белсене қатыстыру қажет. Сонда ғана жауапкершілік жүгі арта түседі, – дейді Тайжан Қалмағамбетов.
Ақтық кезеңінде жастар «Стрела» бағдарламасын енгізудің ұтымды жолдарын іздестірді. Турнир қорытындысы бойынша кен дайындау және байыту фабрикасының командасы жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ үздік төреші аталымына РИИ-дың «Тарлан» дебат клубының үйлестірушісі Анастасия Самойлова лайық деп танылса, фабриканың жас маманы Тайжан Қалмағамбетов үздік спикер атанды. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ