Шырылдауық шегіртке ыршып жүріп…

Бүгіндері Ресейдің оңтүстік аудандары шегірткеден көптеп зардап шегуде. Осы бір зиянкес жәндіктер көршілес Челябі облысында 37 мың гектар егістік пен 200 мың гектар көкөніс көшеттерін, ал Орынбор өңірінде 200 мың гектардан астам егіс алқабын жойып үлгерген. Теріскей жатқан көршіміздің бірден үш аймағында төтенше жағдай жарияланып, шегірткеге қарсы күрес шаралары күшейтілген. "Қап" дейтініміз, Ресейдің аталған аймақтары Қостанай облысымен шектесіп жатыр. Шегіртке шабуылының бірінші толқынына тойтарыс берген қызметкерлер көп кешікпей қанатты зиянкестердің Қостанай өңіріндегі ауылшаруашылық дақылдарына тағы да қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдейді. саранча_GenericОблыстағы зиянкестердің алдын-алу шаралары жайында Қостанай облысындағы аумақтық инспекция басшысының орынбасары Дархан Әбдікәрімов жауап берген болатын.

– Шегіртке шабуылынан алғаш болып Қамысты ауданындағы алқаптар зардап шекті. Енді біз шекаралас аудандарға баса көңіл аударып, техника ұстап отырмыз. Бүгінгі таңда 14 бірлік техника дайын тұр. Оның ішінде бір самолет, 4 дельтаплан, қалғаны жерде жүріп жұмыс істейтін техника аэрозолді генераторы бар. Бүгінгі күні қауіптің алдын алып, облыс аумағына енген шегірткелерді улап тастап отырмыз, – дейді Дархан Әбдікәрімов.

Ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, Қостанай облысының егіс алқаптарына зиянкестердің көбі Орынбор облысынан ұшып келуі мүмкін. Үйірлі шегіртке осы облыстың Светлый және Адамов аудандарында өте көп тараған. Бұл аудандарда 1 метр жерге 150 шегірткеден келеді. Яғни, шегіртке тараған жердегі жасыл желек киіз төсегендей сұрланып тұрады. Күн ыси бастаса, жемір жәндіктер апатты аймақпен шектесіп жатқан Жітіқара, Таран және Денисов аудандарына көшуі әбден мүмкін.

Жалпы облыс бойынша биыл 1 жарым млн гектар жерге шегірткеге қарсы жұмыстар жүргізу жоспарланған. Қазір Оның 900 мың гектарға жуығы өңделді.

 

Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓