Аудан-қала басшылары есеп беруде
Тобыл өңірінің 1-жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бақыланады. Облыс әкімі Н.Садуақасовтың төрағалығымен барлық қала мен аудан әкімдері есеп бермек. Сол арқылы әр өлкенің «тамыр соғысы» тыңдалып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы бағамдалады.
Облыс әкімінің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын тыңдаудың мұндай формасы түйткілді сұрақтарды тап басып, оны сарапқа салуға мүмкіндік береді.
Әкімдер есебі 4 күн бойы, яғни шілденің 15-18-і аралығында тыңдалмақ. Өлкелердегі жағдайды объективті бағалау мақсатында 72 индикаторлық көрсеткіш жасалды. Сондай-ақ жетекшілік бағыттар тұрғысындағы ақпаратты облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқарма бастықтары ұсынады.
«Жалпы, елдегі жағдай күрделі. Әрине, бұл әлемдік нарық алдындағы сынақ. Елбасының тапсырмалары аясында үкімет тиісті шаралар қабылдап жатыр. Олардың бәрі жүйе қалыптастырушы кәсіпорындарды қолдауға, шағын және орта бизнесті белсенділендіруге, өңірлер әлеуетін пайдалануға бағытталуда. Сол секілді біз де облыстағы әр аудан мен қалалардағы ахуалды жиі әрі жіті қадағалауға алуымыз керек. Жартыжылдық аяқталды, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді, бюджет жағдайын, барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын сараптау қажет»,- деді облыс басшысы.
Садуақасов жергілікті атқарушы органдарға міндеттемелер жүктеді. Олар қалған уақытта экономикалық өсу қарқынындағы шығындарды ықшамдаулары керек. Облыстық құрылым жетекшілеріне, аудан-қала әкімдеріне әр күн сайын барлық саланың сапа мен көрсеткіші жолында күш жұмылдырулары қажет.
«Жемісті жұмыс экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси саланың тұрақтылығына тікелей ықпал жасайды»,- деп түйді облыс әкімі.
Жандос Жүсіпбек