АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙҒА БӨЛЕЙДІ

Жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісінде металлургтер мен кен байытушылардың кәсіби мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Биыл да бұл үрдіс жүрісінен жаңылмады. Мереке қарсаңызда біз облыс экономикасы мен өнеркәсібінің күретамыры атанған Рудныйдағы Металл илемдеу зауытында болып, ондағы жас маман Қайсар Ақпановпен танысып қайтқан болатынбыз.кайсар
Қайсардың жасы – 27-де. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Металлургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Рудныйға металл илемдеу зауыты салынып жатқанда-ақ арнайы жолдамамен келіп, жұмысқа тұрады. Өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындаған Қайсар өз бетінше ізденіп, мамандығының қыр-сырын меңгере бастайды. Осылайша мансапта да жоғарылап, әріптестері мен басшыларының алдында абыройға бөленеді.
-Қайсар Мұхаммеддиянұлы өз жұмысын сапалы атқарып қана қоймай, айналасындағылармен білгенімен үнемі бөлісіп жүреді. Барлығымен қарым-қатынасы жақсы, ізденімпаз жігіт. Осы уақытқа дейін талай жас маманды тәрбиелеп шықты, – дейді жөндеу-механикалық учаскесінің шебері Сейітжан Майлыбаев.
Бүгінде Қайсар зауыттың бас илемдеушісі. Оның айтуынша, металлургияның бір саласы саналатын мұндай мамандыққа Қазақстанның еш жерінде оқытпайды. Сондықтан түрлі әдебиеттерді оқып, тәжірибе алмасу үшін Қарағандыға да барып қайтқан.
-Металлург – нағыз ер адамға лайықты жұмыс деп білемін. Елбасымыз өзінің еңбек жолын дәл осы мамандықтан бастағанын ойласам, кеудемді мақтаныш кернейді. Сондықтан жетістікке жету жастардың өз қолында, – дейді ол.
Қазіргі таңда Қайсар отбасы құрып, Айша есімді бір жасар қызды тәрбиелеп отыр. Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме, – деп жатады. Адал еңбек пен биік жауапкершілікті қатар ұстаған қайсарлы жігіттің болашағынан зор үміт күтуге болады.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓