Түбіртек талап ет – сыйлықты ұтып ал!
Осындай атаумен Мемлекеттік кірістер басқармасы бастаған Республикалық науқан іске қосылды. 30-қарашаға дейін жалғасатын іс-шараға кез келген азамат қатыса алады. Науқанда бағалы сыйлықтар мен бас жүлде ретінде жеңіл автокөлік ойнатылады. Бүгінде акцияның облыстың кезеңінің алғашқы жеңімпазы белгілі болып отыр.
Рудный қаласының тұрғыны Ғабдолла Жұмабаев акцияға тұңғыш рет қатысып отыр. Сауда нүктелерінен жинаған 30 түбіртекті ол Орталық әмбебап дүкеннен 3 арнайы купонға ауыстырып алған. Осылайша, қалалық және облыстық кезеңдерде купондағы сандары сәйкес келіп, акцияның жеңімпазы атанған Ғабдолла Аусақұлына алғыс хат пен бағалы сыйлықты Мемлекеттік кірістер басқармасы басшының орынбасары Сәтжан Ұзақбаев салтанатты түрде табыстады.
– Сәуір және мамыр айларында басқармаға 4300-ден астам түбіртек тапсырылды. Соның ішінде Ғабдолла Аусақұлы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып отыр. Енді ол министрлікте өтетін республикалық кезеңге қатысады, – дейді Сәтжан Ұзақбайұлы.
Аталмыш акцияның басты мақсаты тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда жасау мен қызмет көрсету кезіндегі олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Әзірге кеншілердің белсенділігі көңіл қуантарлық. Айта кетерлігі, «Түбіртекті талап ет – сыйлықты ұтып ал!» акциясына кәмелетке толған және қолында фискальді түбіртегі бар кез келген азамат қатыса алады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ