Талғат тағы да тұғырда

      Шілде айы спорттағы саңлақтарымыз үшін сәтті басталды. Күрес түрлерінен Мьянмада өткен Азия чемпионатына қатысқан Қазақстан құрама командасы жемісті өнер көрсетіп қайтты. Сары құрлықтағы додада ел намысын арқалаған жігіттердің ішінде қостанайлық Тамерлан Шадукаев (74 келі), Саркиз Пшеничников (96 келі) және Талғат Жиентаевтар (120 келі) болды. Жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасының топ бастауына жағдай жасаған Талғат Жиентаев жарады! Аса ауыр салмақта белдескен боз кілем шебері ұлттық құрама қоржынына қола медельді әперді. Сөйтіп, жерлестеріміз палуандар бәсекесінде бірінші орынға ие болды. Қостанайға келген соң, жүлдегер жігіт Талғатты сөзге тартқан едік.eS1j51eEN50
– Алдымен, жеңісің құтты болсын! "Соңғы түйенің жүгі ауыр" ғой. Маңызды медальді алу қиынға түскен шығар?
            Ең бастысы, қоржынға алтыншы медальді салу керек болды. Расында да, ысқырық естілгеннен кейін, 30 секундта таза жеңемін деп ойламадым. Қарсыласым – жапон палуаны. Жылдам әрі тәжірибесі мол. Бірақ бағым жанды, біз бірінші орындамыз! Осы кездесудің алдында алғашқы бапкерім Қайыркелді Мақановтың "Шабуылды бірінші баста, сонда қарсыластың айла-тәсілін білуге болады" дегені еске түсті. Бапкер біліп айтқан екен.
– Айтпақшы, Қайыркелді Қайыржанұлы сені күрес сахнасына алып келген ұстазың ғой. Ол кісі бапкерлік жолында талай чемпиондарды түлеткенін білеміз. Солардың арасында Максим Гербер мен Тоқтар Жиентаевтар бар. Ал, бапкерің жаттығу барысында қандай айла-әдістерді ұсынатын еді, ұтқыр тактикалар қоятын шығар?!
            Әрине, Қайыркелді Мақанов маған екінші әкемдей болып кеткен адам. Жеті жасымнан бері ағайдың қолында тәлім алдым. Алғаш жаттығу алаңына келгенде ағам Тоқтар екеумізге шыдамдылық пен тәртіпті үйретуді бастаған еді. Сонда ғана жеңіс шыңынан көрінуге болады дейтін. Бүгінгі күні жеткен жетістіктерімнің біразы сол кісінің арқасында деп ойлаймын. Қайыркелді ағай қазір сол Әулиекөл ауданында жаттықтырушы болып қызмет жасайды. Әлі де мықты балуандарды шығарады деп сенемін.
– Ендігі жоспарларың қандай?
            Шамалы үзіліс алып, тамыз айында Бразилияда өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз. Байрақты бәсекелер одан соң да жалғасын табады.
 
Сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓