“Денсаулық жолы”
Міне, осындай атаумен елімізде 1 шілдеден кең ауқымды акция басталды. “Саламатты Қазақстан” бағдарламасын іске асыру мақсатында қолға алынған бұл шара аясында мамандар жұртшылықтың, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайтуға аударып, сондай-ақ ауыл тұрғындарына салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу мәселелері жөнінде ақпараттық білім беріп, профилактикалық көмек көрсетуді көздейді.
-Жалпы, “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының маңызы зор, осы арқылы туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті сияқты кеселдер мен темекі шегу, ішімдікке салыну сияқты зиянды әдеттердің жолын кесу көзделуде. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындарды скринингтік тексерулерден өткізудің де көп көмегі тиюде. Міне, аталған шара барысында да біз елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүздесіп, оларға денсаулықты күту жайлы кеңестер беріп, тегін брошюралар таратып, түрлі акциялар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізетін боламыз. Акция 31 тамызға дейін жалғасады, – дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының валеологы Рабиға Наукенова.
Қарлығаш ОСПАНОВА