Бүгін Амангелді ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов облыстық және республикалық тілшілермен кездесті. Баспасөз брифингінде ол алғашқы жартыжылдықтағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сөз етті.
Облыс орталығынан 420 шақырым қашықтықтықта жатқан оңтүстік өңірдің тыныс-тіршілігі қалыпты жағдайда. Ауданда әу бастан ауыл шаруашылығы алдыңғы қатарға қойылған. Басты бағыт – сол. Олай болуына табиғи жағдайы мүмкіндік береді. Әсіресе мал шаруашылығын мандытып отыр.
Бүгінде ауданда 30 мыңнан астам ІҚМ, 75 мыңға жуық ұсақ мал, 12 мыңға жуық жылқы бар. Үй құстары басының саны 100 мыңға жетеді. Жергілікті кәсіпкерлер мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларды да тиімді пайдалануда. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы, жалпы саны, 1300 бас мал сатып алыныпты. Бұл – көзделген меженің басым бөлігі. Алаңдатарлығы сол – көп жағдайда кепілге тігер мүліктерінің құнға сәйкессіздігі бағдарламаға қатысушыларға қолбайлау болады.
Ауданда егін егу науқаны да ойдағыдай аяқталды. Алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болып, танапқа тұқым себуді 5-маусымда тәмамдаған.
-Егістік алқабының жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын айта кету керек. 140 мың га жерге егін егетін мүмкіндік бар. Биыл осынша аумақтың 91 мың гектарына дән себілді. Бидайдың қатты сұрыбын алатын оңтүстік аудандар үшін бұл нашар көрсеткіш емес,-дейді аудан басшысы. Ендігі мәселе – орақ науқанына сайлану. Диқандар тиісті техникаларды осы бастан сапқа қоюға кіріскен. Ал, жергілікті басшылық астық қоймасын әзірлеу қамын пысықтауда.
Әлеуметтік сала да әлеуетсіз емес. Таяуда ғана аудан көлемінде 2 фельдшер-акушерлік пункт, 2 мәдениет ошағы іске қосылып, ел тұтынысына берілді. Өлкедегі 21 мектептің бүгінге дейін 30%-ы күрделі жөндеуден өткізілген.
Бұл саланы ілгерілету қашанда күн тәртібінде екендігін айтады аудан басшысы. «Жергілікті кәсіпкерлер де мейлінше демеу білдіруден жаңылған емес» дейді ол.
Амангелділіктер «Ақ бұлақ» бағдарламасының да игілігін көруде. Ауданға қарасты 30 ауылдың бүгінде 14-і орталықтандырылған ауыз сумен сусындап отыр.
Былтыр тізімге Байғабыл елді мекені де қосылды. 900 тұрғыны бар ауылдың шөлін жерасты суымен қандыруға 175 млн.теңге жұмсалыпты. Тағы да Амантоғай, Жалдама, Үрпек, Ағаштыкөл ауылдарын тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжатнамалары даяр. Тостырып тұрғаны – қаражат тапшылығы.
Брифинг одан әрі сұрақ-жауап негізінде өрбіді.
Тілшілер көбіне-көп әйгілі киік қырғынын қайта «тырнады». Елді елең еткізген апаттың басы-қасында болған тұлға ретінде, Ж.Таукенов барлық сауалдарға қолма-қол жауаптар қайтарды. Тиісінше, осы уақытқа дейін жария болған мәліметтердің бүкпесіз екендігін алға тартты.
Оңтүстік өңірдегі үй жануарлар шығынының бөкендер апатымен еш байланысы жоғын тағы тәптіштеді. Сондай-ақ, «Амангелді ауданының жайылымдық жерлері уланған, көп телім карантинге алынулы» деген мәліметтердің дақпырт екенін тілге тиек етті.
Жандос Жүсіпбек
Ауыл-адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Жусаны мен жуасы бұрқыраған, егіні өсіп жайқалған, өрісте малы жайылған, өнер дәстүрін күні бүгінге дейін жалғастырып, дәстүр сабақтастығын айқындайтын Аманкелді ауданынын халқы Жансұлтан Қоңыртайұлына дән риза! Мақтанып айтатын, құрмет тұтатын әкімдердің бірі, Жарайсыз!