Кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетілуде
Қостанайға іссапармен ҚР «Атамекен» ҰКП бизнеске сервистік қолдау департаментінің директоры Асқар Әубәкіров келді. Қостанай облысындағы кәсіпкерлерді қолдау оратлықтарының жұмыс барысымен танысты.
Биыл еліміздің аудандары мен шағын қалаларында өңірлік кәсіпкерлер палатасы базасында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Мұнда кәсіпкерлер палатасының жергілікті жерлердегі филиалы өкілдері, кеңесшілер және мемлекеттік қызметшілер өз кәсібін ашуға қолдау сұрап келгендерге қол ұшын беруде. «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталық кеңес берумен шектеліп қоймайды. Бизнеспен айналысуға құлшыныс білдірген адамға мемлекеттік бағдарламалардың қыр-сырын барынша түсіндіріп, оған қатысу үшін әр қадамын тізбектеп береді.
– Көпшілік жағдайда кәсібін ашуға ниеттенген адамдар істі қалай бастарын білмей дал болады. Бизнес жоспар құра алмай, одан кейінгі қадамдарын нақтылай алмай кідіріп қалады. Міне, осындай азаматтарға орталықта қолдау көрсетіледі.Сонымен қатар, кәсіпкерлер паласы жанында бизнес мектептері ашылған. Мұнда 3 кезең бойынша білім беріледі. Біріншісі – қысқа мерзімді. Болашақ кәсіпкерлерге ЖШС, ЖК ашудың заңи тұрғыдан негізгі қағидалары жеткізіледі. Екінші кезеңде бизнес жобаларды жүзеге асыру бойынша білімдерін жетілдіреді. Ал, оқу соңында табысты кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөліседі, – дейді ҚР «Атамекен» ҰКП бизнеске сервистік қолдау департаментінің директоры Асқар Әубәкіров.
Қостанай облысы бойынша ағымдағы жылдың екінші тоқсанында 3 475 кәсіпкерге 5 600-ден астам кеңес берілді. Аталмыш орталыққа жүгінген азаматтардың ішінен 82-сі жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Бизнес мектепбінен 623 адам білім алып, кәсіпкерліктің негізін меңгеріп шықты. 52 клиент мемлекеттік гранттарға тапсырыс берді. Олардың ішінен алтауы гранттық қаржыландыруға ие болып, өз жобаларын жүзеге асырмақ. «2020-Жұмыспен қамту картасы» бағдарламасы бойынша 12 адамға шағын несие берілетін болды.
Махаббат Бекбай