Мердігерлердің ісі әзірге көңіл көншітпей тұр
Қазақстан Үкіметі соңғы бес жылдан бері өңірлерді дамытудың бірнеше бағдарламаларын жүзеге асырудың жолын қарастыруда. Әсіресе, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы һәм құрылысына бөлінетін қаржының көлемі жыл сайын арта түсуде. Бірақ аталған бағдарламалар әр өңірде қаншалықты игерілуде, құрылыс сапасы қандай? Орындалу мерзімі көңіл көншіте ме? Бұл жайында бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың қатысуымен мәжіліс өтті. Жиында Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов шаһардың коммуналдық шаруашылығы мен үй құрылысының хал-ахуалын баяндады.
Алғашқы жартыжылдықтың есебі бойынша қала бюджетінің кірісі 105,5 %-ды, шығыны 98,7 %-ды құрапты. Яғни, қазынадағы 35 млрд. 297 млн. теңге қаржының дені тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына (8 млрд. 205 млн. теңге), қала құрылысына (6 млрд. 782 млн. теңге), білім бөлімдеріне жұмсалады.
Енді осы қаржының қаншалықты игеріліп жатқанына келейік. 2015 жылы 4 млрд. 975 млн. теңгені игеруге мемлекеттік сатып алу бойынша 152 байқаудың өтетіні жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін тек қана 118 байқаудың болғанын естігенде өңір басшысы біраз сын айтты.
– Қазір байқап отырғанымдай есептеріңізде қателік бар. Мердігерге берілген нысандардың әлі де дұрыс бақылауға алынып отырғанын көріп тұрған жоқпын. Бұл жұмысқа салғырттық қарағандық болып есептеледі,- деп қаһарына мінген Нұралы Садуақасов облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшысына сөгіс жариялады. Мұнымен қатар, «Мега», «АиФ», «Ерлан» ЖШС сияқты мердігерлер өздеріне берілген нысанды уақытында тапсырмай жатқандығы да қатаң сынға алынды.
Мәжілісті қорытындылағанда, өңір басшысы орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовке, қала басшылығына аталған мәселелерді жан-жақты шешуге, әр мердігерлердің құжаттарын қатаң қадағалауға алуды тапсырды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ