“Соғыс балалары” дегеніміз кімдер?

Қостанайдағы "Рабат" қонақ үйінің мәжіліс залында облыстың "Соғыс балалары"қоғамдық бірлестігінің жиналысы болып өтті. Бұл бірлестіктің құрылғанына екі жыл болған екен. Жиналыс-ты бірлестік басшысы В.Синельник ашты. 70-ке жуық адам жиналыпты. Бұлар соғыс балалары атанғанымен жастары 70-80-нен асып кеткен қарттар.
Виктор Моисеевич қоғамдық бірлестікті құрудың мән-жайын түсіндіріп өтті.
– Мұндай бірлестік Ресей, Украина және Белоруссия елдерінде біраз жылдардан бері жұмыс істейді,– деді ол. Біздің еліміздің де бірнеше облыстарында құрылған. Тіпті мына тұрған Рудныйда да бар. Оларда "соғыс балаларына" қажетті жеңілдіктер жасалған. "Соғыс балалары" дегеніміз кімдер? Бұлар-1928-1945 жылдар аралығында туылғандар. Бұларда дұрыс балалық  та болған жоқ. Ауыр жылдарды бастарынан өткерді. Кешегі алып Кеңес одағын құруға қатысты, зауыт-фабрикалар салды, тың игерді, елімізді көркейтті. Ал енді соларға қартайған шағында қажетті жеңілдіктер жасасақ артық бола ма?
Виктор Моисеевич қарттарға қажетті төрт мұқтаждықты атап айтты.
Бұлар – қала ішіндегі  аватобустарда тегін жүру, 9 мамыр – Жеңіс күні барлық соғыс балаларын жинап, әрқайсына сыйлық беру, оларға арнап концерт ұйымдастыру, 1 қазан – Қарттар күніне орай сыйлық беру және дәріханаларда  дәрілердің  бағасын қазіргідей 10 пайызға емес, 20-30 пайызға жеңілдікпен сату.
В.Синельник осы мәселелерге байланысты билік орындарындағы  бірнеше  басшыларға барғандығын, бірақ олардан қолдау таппағандығын білдірді. Жиналысқа Қостанай қалалық мәслихатының екі депутаты шақырылған екен. Соларға сөз берілді.
– Бүгін өте өзекті де өткір мәселе көтеріліп отыр,– деді қалалық мәслихат депутаты И. Бибин. Мен сіздердің мұң-мұқтаждықтарыңды жақсы түсінемін. Қостанайдан басқа көптеген облыстарда соғыс балаларына қажетті жеңілдіктер жасалған. Қостанай облысы да ешқандай облыстан кем емес. Бірақ біз мынаны түсінуіміз керек. Біз социалистік емес, капиталистік қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ал капиталистік қоғамда тегін ештеңе болмайды. Қалалық автобус паркі де жеке меншік қолында. Оның қожайыны да тегіннен-тегін бір адамды да тасымайды. Сондықтан сіздерді тасымалдауға кететін шығынды қала-лық бюджеттен өтеу керек.  Бұл үшін қалада қанша соғыс балалары бар, оларды тасымалдауға қанша шығын жұмсалады, бәрін есептеу керек. Бұл мәселені қалалық мәслихат шешпейді. Біз өкілетті органбыз. Біз сіздердің айтқан мұң-мұқтаждарыңызды билікке, яғни қала әкіміне жеткіземіз. Әкім мәселені қала бюджетінің жағдайына қарай өзара ақылдаса отырып шешеді. Біз бұл мәселені қалалық мәслихат-тың бір сессиясында қарайтын боламыз.
Облыстың "Соғыс балалары" қоғамдық қорының төрағасы В.Синельниктің айтуынша, бүгінгі күнге дейін бірлестікке 1086 адам тіркеліп, тиісті куәлік алған. Тіркеу әлі жүріп жатыр. Қалада мұндай адамдардың саны 2 мыңнан аспауға тиіс.
Жиналыста қалалық мәслихат депутаты М. Бут та сөйледі. Депутаттардың айтуынша жеңіс күніне және қарттар күніне байланысты сыйлықты тиісті адамдар еңбек еткен кәсіпорындар мен мекемелер жасауы қажет, ал дәрі-дәрмекке жасалатын жеңілдікке жұмсалатын шығын республикалық бюджеттен өтелуі керек.
Жиналысқа жиналғандар бізде басқа облыстармен салыстырғанда электр энергиясының, газдың, жылудың, судың бағалары неге қымбат деген сияқты көптеген сұрақтар қойды. Депутаттар мүмкіндіктерінше жауап берді.
Әрине, бір жиналыспен бәрі бірден орнай қалмасы анық. Дегенмен, бұл игі мақсат жолындағы алғашқы игі қадам болды. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында қоғамдық бірлестік төрағасы  Виктор Моисеевич Синель- ник ақысыз-пұлсыз тегіннен-тегін шапқылап жүр. Биліктегі қанша адамның алдына бармады, қаншама айтысты, тартысты. Жоғарыдағы билік орындарына қаншама хаттар жазды. Қолдау таппаса да мұқалмады. Енді жоғарыда айтылған мәселелерді қалалық мәслихаттың  сесиясында көтермекші. Мақсаты жүзеге аспай, дамыл таппақ емес. Өйткені, оның бұл мақсаттың игілікті әрі ізгілікті екендігіне сенімі мол.      
 Дамир
         ӘБІШ
 
       

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓