Аудан әкімі, саған айтады, ауыл әкімі сен тыңда!
Көктемгі егіс науқаны басталғалы бері облыс әкімі аттан түскен жоқ. Ол бұл жолы Әулиекөл, Науырзым аудандарының бірқатар әлеуметтік нысандарын аралаған соң, егіс даласында диқандармен кездесті. Топырақтың құнарын тексеріп, шегірткеге қарсы күрес шараларының барысын қадағалады.
Шаруаның күрмеуін тоқсан күн шешеді
…Иә, көктемгі дала жұмыстары аяқталды. Енді, көктен жауын тілеп, түрлі зиянкестерге қарсы күрес шараларын күшейту керек. Зиянкес демекші, бұл аймақтарда оңтүстік өңірлердегідей шегірткеден келер аса қауіп жоқ. Дегенмен, кейбір алқаптарды залалсыздандырған артық емес. Шаруалармен кездескенде де, екі ауданның тауар өндірушілерімен кеңескенде де аймақ басшысы оларға үлкен міндеттер жүктеді. Әулиекөл мен Науырзым аудандарында да ауыз толтырып айтуға тұратын жетістіктер баршылық. Бірақ, алқаптарды әртараптандыруда, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда және жерді мақсатты пайдалануда екі ауданда да кемшіліктер шаш-етектен.
– Сіздердің, – деді облыс басшысы дала қосында өткен кеңейтілген мәжілісте, – көктемде егін сеуіп, оны күзде жинап алуға ғана шамаларыңыз жетеді. Басқасына бас қатырғыларыңыз келмейді. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға аса көңіл бөліп отыр. Ол кез келген шаруаны қолдауға әзір. Мәселен, "Сыбаға", "Агробизнес – 2020" тәрізді бағдарламалар арқылы Үкімет ауылға қомақты қаржы ұстатып отыр. Соны кәдеге асырдыңыздар ма, жоқ! Сіздер өз мүмкіндіктеріңізді толық пайдаланып отырған жоқсыздар. Сондықтан, ет, сүт өндіру мәселесі кенжелеп қалған. Мал басы кеміп барады. Бұлай қамсыз отыра беруге болмайды, әсте! Егер өз жерлеріңізді іске жарата алмасаңыздар, оны мемлекет меншігіне қайтаруға мәжбүрлейміз. Одан кейін өкпелемеңіздер.
Облыс әкімі екі ауданның аумағында өткен екі жиналыста да аудан басшыларынан бастап, ауыл әкімдеріне, ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қатты сын айтты. Бұдан тиісті қортынды шығару енді олардың өз еншілерінде. Өйткені, кейбір кемшіліктерді жоюға облыс әкімі 1 қыркүйекке дейін мұрсат берді.
Дегенмен, көршілес екі ауданды аралағанда аймақ басшысы көзге қуаныш ұялатқан көріністерге ерекше көңіл аударды. Енді, солардан бірер мысал.
Амбулатория халық игілігіне берілді
Әулиекөл ауданындағы Новонежин ауылында дәрігерлік амбулаторияның салына бастағаны туралы бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Содан бері бірталай уақыт өтіп кетті, бір-біріне қоңсылас қонған қос ауданды аралай шыққан аймақ басшысы ең алдымен халық үшін аса маңызды нысанды барып көрді. Көрді де ине-жіптен енді шыққан емдеу орталығының сапасына марқайып қалды. Өйткені, құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігерлер емхананы заманауи талаптарға сай етіп тапсырыпты. Н.Садуақасов амбулаторияның барлық бөлмелерін асықпай аралап шығып, ондағы дәрігерлермен аз-кем тілдесуге уақыт тапты. Әулие-көл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сергей Шульгиннің айтуынша, жаңа нысанда барлығы 12 маман қызмет етеді. Оның екеуі жоғары білімді дәрігер. Бұлар 2100-ден астам тұрғыны бар ауылға тиісті дәрігерлік көмек көрсетуге қауқарлы. Емдеу орталығы соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақтандырылған.
Алқаптың дәні – ауылдың сәні
"Диев-агрофирмасы" ЖШС астықты аймақтағы ырысы ортаймаған берекелі шаруашылықтардың бірі. Кезінде кеңшарлар тарай бастағанда кәнігі диқан Олег Даниленко бұл ауылдың бір кірпішін бұздырмай, мал-мүлкімен қоса аман сақтап қалған еді. Бүгінде ауылдың бар тұрғыны соның игілігін көріп отыр. Биыл "Диев" ауылының іргетасы қаланғанына жетпіс жыл толады. Міне, осы айтулы мерекеге ежелгі Мырзакөл бойын мекендейтін ағайын қызу дайындық үстінде. Ауылдың туған күні қарсаңында "Диевте" 350 орындық мәдениет сарайы қайта қалпына келтірілді. Оның ішкі безендірілуі мен жарақтандырылуы қаладағы мәдени ошақтардан бірде кем емес. Демалыс орнының алдындағы саябақ та адам танығысыз кейіпке енбек. Қазір алаңда күндіз-түні құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда жас мамандардың тұрақтап қалуы үшін тыным таппай жүрген шаруашылық директоры Олег Даниленкоға облыс әкімі өз алғысын білдірді.
– Мұнда жастарға барлық жағдай жасалған. Халық ауыз судан тапшылық көріп отырған жоқ. Күндіз еңбек майданында жүрген азаматтардың бір уақ демалуына лайықты жағдай жасалған. Сондықтан, мұндай ауылдардан ешкім де көшпейді. Қайта, жастарды ауылға тарту керек. Елбасының өзі осыған үндейді, – деді облыс әкімі.
Алманың моншасы
Алма деп отырғаным қазақтың кәдімгі қаршадай ғана қызы. Шағын кәсіпкерлікпен айналысып, туған ауылын көркейтуге өзіндік үлесін қос-қан нағыз отаншыл азаматша екен. "Мен осы Қарамеңдіде туып-өстім. Өз туған жерімнің патриотымын. Сондықтан ешқайда көшкен жоқпын. Керісінше, Науырзымды гүлдендіруге қолымнан келгенше жәрдемдесемін", – дейді қайсар қыз. Ал, осы Алма не істепті дейсіз ғой, айтайық, мемлекеттен несие алып, аудан орталығындағы бос тұрған ғимаратты жөндеп-жасқап халықтың игілі-гіне айналдырыпты. Біз көрген нысанды монша деуге ауыз бармайды, бейне бір мейрамхана дерсіз. Апырау, мұндай нысан тіпті облыстың орталығында жоқ қой! Моншаға жуынуға келгендерге ұсынатын түрлі қызметтері дайын: шаштараз, шағын кафе, монша жабдығын сатуға арналған дүкен, тіпті киім шешетін бөлменің өзі ерекше жабдықталған. Бұған облыс әкімі де таң-қалды. Сөйтті де осындай бастамашыл жанға бизнесін одан әрі дамытуға қол ұшын беру керек дегенді айтты.
– Мен орталыққа субұрқақ орнаттырып қойдым. Келіп көріп кетіңіз. Ол да кентке ерекше сән беріп тұр, – деді кәсіпкер А.Ғалиева. "Жақсыны көрмекке" – деген, облыс әкімі бас тартқан жоқ. Қайта Алманың мына батылдығына сүйсінді. Осы жерде кәсіпкер облыс әкіміне өз жоспарын жайып салды:
– Мұнымен тоқталғым келмейді. Келешекте жер алып, мал шаруашылығын дамытсам деген ойым бар.
– Бұл ісіңіз де құптауға тұрады. Сондықтан, аудан басшысы бар, басқалары бар, сізге жәрдемдеседі. Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Әлібек
ЫБЫРАЙ
СУРЕТТЕ: кәсіпкер Алма Ғалиева облыс әкіміне өз жоспарлары туралы айтып берді.
Суретті түсірген автор.