Шегірткеге қарсы күрес басталды
Астық зиянкестерінің алдын-алу үшін облыста кешенді шаралар қолға алынған. Қара сұлы, итқонақ сияқты арамшөптерге қарсы қазір жаппай агротехникалық шаралар жүргізіліп жатыр Өйткені, жаңбырлы күндерден кейінгі аптап ыстық егін алқаптарында арамшөптердің бой көтеруіне ықпал етті. Оның сыртында Ресейдің көрші аймақтарынан шегіртке ауып келуі мүмкін деген қауіп бар.
Зерттеу жұмыстары барысында облыстың он шақты ауданынан шегірткенің балаңқұрттары табылған. Ол аймақтар бірден химиялық өңдеуден өтті. Алайда, шегіртке ошақтары байқалған Ресейдің көрші өңірлерінде бұл жұмыс мардымсыз. Сондықтан ол жақтан қанатты зиянкестер қаптап ұшып келуі әбден мүмкін дейді мамандар.
-Шегірткеге қарсы күреске қажетті қаржы толық көлемде бөлінді. Бүгінгі күні 700 мың гектарға жуық алқапта химиялық өңдеу жүргізілді. Негізінен облыстың оңтүстік, батыс аудандары қамтылды. Осындай дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында шегіртке қаупі толық сейілді деуге болады. Тек, бізді Ресейдің іргелес өңірлеріндегі жағдай алаңдатады. Бірақ біз оған да дайынбыз,-дейді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Айбек КӘДІРҰЛЫ