Атақты зілтемірші Қостанайға келді
Екі дүркін олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионының тәжін киген атақтшы зілтемірші Илья Ильин Қостанайда ауыр атлетикадан өтіп жатқан Қазақстанның ашық чемпионатына қонақ ретінде қатысты. Айта кетейік, жеке командалық есептегі жарыста 1999-2000 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар бір апта бойы өз бақтарын сынайды. Біріншілікке еліміздің он бес қаласының өкілдері және Қырғызстан спортшылары келді.
Атақты спортшыны облыс әкімі Нұралы Садуақасов қабылдады. Өңір басшысы қонақтарға облыс спортының жетістіктерін айтып берді. Әңгіме барысында ауыратлетші Қостанайда салынып жатқан спорт кешенін көргісі келетінін жасырған жоқ. Айтпақшы, жаңа ғимаратта жас жеткіншектер зілтемір көтерумен де ұдайы шұғылданатын болады.
-Мен балаларды қолдауға келдім. Әрине, осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстарыңыздағы спортқа қатысты жағдаймен де танысқым келеді. Мен өз саламды бір кісідей білемін деп есептеймін, сондықтан жасөспірімдерге жасалып жатқан жағдайды көре кету артықтық етпейді. Бүгінгі жарыста балалар мені көріп қатты қуанғанын байқадым. Бұл сөз жоқ, мені үлкен әсерге бөледі. Жалпы, Қостанайда ауыр атлетика өрлеу үстінде. Енді бір бес жылда жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыздар. Зілтеміршілер де көбейе түсеріне сенімім кәміл, – деді Илья Ильин.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.