Ұлт мақтанышы Қапан Бадыровтың туғанына – 110 жыл
Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының жетекші ғылыми қызметкері.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қапан Оралұлы Бадыров 1904 жылы 21-ші қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Табын ауылында дүниеге келген.
Ол қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін қалаушы Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды алыптардың қатарында тұрған сахна тарландарының бірі болып табылады.
1922 жылы Орынбор халық ағарту институтына түсіп, ұлтымыздың Ұлы ұстаздарына айналған арыстарымыз: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж. Аймауытовтардан дәріс алды.
Қ.Бадыров актерлік өнер жолын әр түрлі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысудан бастады. 1926 жылы 13-ші қаңтарда М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театр алғаш шымылдығын ашқан күннен бастап, еңбек етіп, өмірінің ең бір сұлу сәулелі жылдарын қазақ театрының өркендеуіне арнаған.
1927 жылы Алматы қаласында жас жұмысшылар театрын ұйымдастырып, оның сахнасында М.Әуезовтың "Қаракөз" трагедиясын қойды. Шамалы үзілістен кейін, 1931 жылдан бастап Қазақ драма театрында оның ұзақ жылғы актерлік қызметі басталды. Алғашқы ойнаған рөлі – М.Тригердің "Сүңгуір қайығындағы" Оленин, көбінесе басты тұлғаларды ойнап, өзінің қызу қанды, ойлы бағыттағы актер екенін танытты.
Дарын иесі өзінің өнер жолында 180-ге тарта сахна мен кино кейіпкерлерінің рөлінде ойнады. Театр сахнасында: М.Әуезовтың "Абай" трагедиясында – Абай, "Еңлік-Кебегінде" – Абыз, "Түнгі сарында" – Майқан, Б.Майлин, Ғ.Мүсіреповтің "Амангелдісінде" – Амангелді, С.Мұқановтың "С.Сейфуллинінде" – Ә.Бөкейханов, Ж.Шаниннің "Арқалық батырында" – Арқалық, У.Шекспирдің "Отеллосында" – Отелло, Гогольдің "Ревизорында" – Дуанбасы сияқты сом образдар жасады. Қазақ кино өнеріндегі Қапан Оралұлы жасаған: "Абай әніндегі" – Айдар, "Амангелдідегі" – Қаратай, "Өмір жолындағы" – Сәрсен, "Алып туралы әндегі" – Көреген көрермен көңіліне шуақты із қалдырған бейнелер болды.
Дарынды актер екі рет Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Кезінде Қапан ағамыздың оқырман қауымға ұсынған: "Өткендер мен өткелдер", "Естен кетпес есімдер" және "Театр – менің тағдырым" атты кітаптарын жас ұрпаққа қалдырған баға жетпес өнер жайлы мұрасы десе де болады.
Қапан Бадыров жоғарыда есімдері аталған қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін қалаушы Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды өнер мен өмірін өрнектеген кісілермен дос-жолдас болған.
СУРЕТТЕРДЕ: ол Абай, Аманкелді, Қобланды рөлдерінде
"Амангелді" спектаклінде Амангелді рөлінде
Алматы 1952 ж.
Қ.Бадыров 1960 жыл
Қобыланды рөлінде
"Абай" спектаклінде Абай рөлінде Алматы 1949 ж.
Қапан аға Мұхтар Әуезов ескерткіші қасында