Сұлулық сыры – күтімде
"Мисс Қостанай" сұлулық байқауы 2001 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – қыз балаларды тән сұлулығы мен жан сұлулығын үйлестіре білуге тәрбиелеу. Аталмыш сайысқа қатысу үшін не істеу керек? Осы және өзге де сауалдарымызды байқаудың ұйымдастырушысы, "Sultan San Bell" модельдік агенттігінің директоры Людмила Писчанскаяға жолдаған едік.
– Сұлулық байқауының маңызы қандай?
– Байқауда тән мен жан сұлулығының үйлесімділігі шешуші роль атқарады. Бұл дегеніміз байқау әдемілікке және өзін-өзі ұстауға, мәдениеттілікке және кітап оқуға үндейді. Қатысушыларды іріктеу кезінде олардың сыртқы кескін-келбетіне және рухани жандүниесіне мән береміз. Көрікті қыздарымыздың білімдерін тексеру үшін белгілі авторлардың шығармаларынан сұрақтар қоямыз. Сондай сәттері тосылып, жауап бере аламайтын қыздар болады. Бұл дегеніміз кітап оқымайтындардың бар екенін білдіреді. Кейбір қатысушылар ситуациялық сұрақтарға мардымды жауап бере алмай, қобалжып білгенінен айырылып қалады. Ал сұлулық байқауы дұрыс жауапты білмесең де қиыннан қиыстырып, жол табуға үйретеді.
– "Мисс Қостанай" сайысына кімдер қатыса алады? Ол үшін не істеу керек?
– Қостанайдағы сұлулық байқауы 2001 жылдың 14 қыркүйегінен бастап өтіп келеді. Алғашқы байқауға 15 үміткер қатысып, Наташа Хадык жеңіске жетті. Сол уақыттан бастап бұл сайыс Қостанай қаласының туған күні қарсаңында тұрақты түрде ұйымдастырылады. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Ұлтына, діни көзқарасына қарап бөлін-бейді. Ең бастысы, үміткердің жасы 16-ға толуы керек. Бойының ұзындығы 1,72 сантиметр болса жетіп жатыр. Ал одан да сұңғақ бойлыларға тіпті қуа-ныштымыз. Сонымен қатар шаштың ұзындығы, дене бітім-нің пропорциясы да ескеріледі.
Қатысушы қыздарымыз кө-рікті, денсаулығы мықты, сымбатты, мәдениетті, өнерлі, білімді болғаны жөн. Хореграфиялық сауатыңыз болса, тіпті жақсы. Себебі сырты сұлу болғанмен биге икемі жоқтар баршылық. Үміткерлерді іріктегеннен соң үш апта бойы дайындаймыз. Модельдік агенттіктің психолог, педагогтары әрбір қатысушымен жеке-жеке жұмыс істейді. Біз өкше туфлимен қалай жүру керектігін үйретеді. Дайындық аяқталысымен финалдық сайыс басталады. Оған дейін қазылар алқасы мүшелерінің аты жөндері құпия сақталады.
– Сіздің түсінігіңізде сұлулық дегеніміз не? Адам сұлу болуы үшін не істеу керек?
– Адамның сыртқы сымбат, сұлулығы кімге де болсын ұнайды, қызығамыз, кейде іштей қызғанамыз. Әр адамның бет-бейнесі, кескін-келбеті, мінез-құлқы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Кейбір адамның бет-бейнесі айтарлықтай сұлу болмаса да, өзіне тартып тұрар қасиеті болады. Ол қасиет – адамның ішкі жандүниесінің тазалығы. Сұлулық тек беттің тегістігімен, көздің әдемілігімен, тістің түзулігімен өлшенбейді. Сұлу адам деп нағыз көркем мінез иесін айтады. Небір ажарлы, көрікті, сұлу адамдар бар, бірақ олардың әттеген-ай дейтін тұстары жетерлік. Менің ойымша сұлулық дегеніміз – тән мен жан сұлулығының үйлесуі.
Сұлулық дегеніміз – шаш. Тек сол шашты күтіп ұстау керек. Шаш адамның ажарын ашатынын екінің бірі ескере бермейді. Күтімге келгенде көптеген қыздар қор болып жүр. Ауылда қаншама сұлу қыздарымыз жүр. Міне, солар күтімнің жоқтығынан табиғат берген көріктеріне дұрыс мән бермейді. Негізінде, адамның бәрі сұлу. Өз басым Алматы, Қостанай, Өскемен, Қарағанды қалаларының қыздарын сұлулардың қатарына жатқызар едім.
– Әңгімеңізге рахмет!