Әзілде кек, өсекте шек жоқ
Сөздің түрі көп. Оның жанға жағымсыз бір түрі – өсек сөз. Өсекті кім көп айтады? Мамандардың пікіріне қарағанда, ер адам әйел адамнан көп сөйлейді. Мәселен, әйел күніне орта есеппен 3920 сөз сөйлесе, еркек 4850 сөз сөйлейді. Ер адамдардың көзі өткір, ал әйел адамдардың құлағы сақ болды. «Өсекті еркектер айтады, әйелдер таратады» деген сөз бар. Әйелдердің көбісі өсек айтқысы келіп тұратын көрінеді, әрі құпияны 32 минуттан артық сақтай алмайтын болып шықты. «Сізге өсек айтқан адам сізді де өсектейді» деген испан халқының мақалы бар. Осыны есте сақтайық.
***
Бір топ әйел дастархан басында шәй ішіп, өсекті өрбітіп отырады. Шәй құюшы әйел жанындағы әйелге сыбырлап: «Самаурыннан су тасып кетті», – дейді. Бұл сөз төрдегі әйелге жеткенше: «Самарқанды су басып кетіпті», – деп өзгерген екен.
«Мама» деген қазақ сөзі ме?
Бұл сөз – тілімізге енген, сіңісіп кеткен сөздердің бірі. Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін «ана» деген сөздің орнына «мама» деп айтып та, жазып та жүр. «Мама» сөзінің төркінін жан-жақты зерттеген жазушы әрі этнограф Сейіт Кенжеахметұлының айтуынша: «Рас, тілімізде «мама» деген сөз бар, бірақ ол адамға емес, малға қатысты айтылады. Мысалы, қазақтар көп төлдеген, қолда өскен, жуас бие мен сиырды, қазды «мама бие», «мама сиыр», «мама қаз» деп атайды. Бұл – малдың, құстың қасиетін, тегін білдіретін сөз. Бірақ бұл қазақ ұғымындағы «ана» деген сөзге ешқандай қатысы жоқ. Тек үндес, айтылуы ғана ұқсас сөздер. Қазақ адамға айтылатын немесе малға айтылатын сөздерді бір-біріне араластырмай, қоспай айтады» деген екен. Олай болса, қазақтың әр сөзі өз орнымен, ұғымын бұзбай, қасиетін кетірмей айтылса, жазылса ғой. «Папа» және «мама» сөздерінің тіліміздегі балама атаулары жеткілікті болса да, оларды қолданбайтынымыз рас. «Папа» сөзінің орнына әкені құрметтеп, сыйлағанды білдіретін «әкей», «жан әке», «әкежан», «әкетай» атауларын, ал «мама» сөзін анасын жақсы көріп, анасына еркелеп айтатын «анажан», «апатай», «анашым», кейде «шеше» сөздерімен алмастырса, сәнді де үйлесімді емес пе?