Қостанайда әуелеген қазақ әндері

Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 28 сәуір күні «Бір әннің тарихы» патриоттық театралды әндер байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – ұлттық музыка негізінде оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру, рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, шаңырақпен біріктіре отыра жаңа таланттарды ашу, қойылым арқылы оқушылардың креативті ойлауын дамытып, патриоттық сезімін ояту.
«Бір әннің тарихы» байқауы 1-мамыр «Ынтымақтастық пен бірлік» күніне орай, оқушыларды шаңырақтармен біріктіре отыра ұйымдастырылды. Оқушылар сайысқа музыкалық көркемдік жетекшінің көмегінсіз, тек өздері не куратордың қолдауымен дайындалды. Байқауға «Назарбаев зияткерлік мектептері» арасындағы «100 ән» жобасы аясындағы патриоттық әндер таңдалды. «100 ән» жобасының басты ерекшелігі – барлық әндер тек қазақ тілінде. Сондықтан, оқушылар ұлттық музыка арқылы ана тілінің мәртебесін көтеруге барынша атсалысты. Сонымен қатар, оқушылар берілген әнді өздігінен терең зерттеп, өздерінің зерттеушілік қабілеттерін де арттырды.
Байқауға мектебімізден 8 шаңырақ қатысты. Оқушылар алдымен, көркемдік музыкалық жетекші дайындаған әндер бойынша жеребе алды. Дайындыққа 1 ай уақыт берілді. Сол уақыт аралығында оқушылар арасындағы лидерлердің сценарист, режиссерлық қабеліттері де байқалып, қойылым дайын бола бастады.
«Бір әннің тарихы» байқауы вокалдық қабілет, сахна мәдениеті, актерлық шеберлік, қойылымның көркемдік идеясы, ауқымдылық критерийлері бойынша бағаланды. Қазылар алқасының құрамын І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртісі – Төленді Әлғожин, «Aisultan» өнер мектебі басшысының  шығармашылық жөніндегі  орынбасары – Кушкимбаева Айгерім Борашқызы, мектебіміздің түлегі, өнерлі азамат – Алмат Жаңабай, мектеп хореографы – Аскарова Гүлвара Баделхановна,  аға педагог кітапханашы  – Рахымбекова Айжан Сұлтанқызы толықтырды. Байқауға : мектеп әкімшілігі, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, «Aisultan» өнер мектебі, «Esbol» фото-видео студиясы, «Qazaqbrend» ұлттық тағамдар жеке кәсіпкерлігі, «Tiger» жеңіл тағамдар орталығы, «Bambino» тәтті балмұздақтар орталығы демеушілік жасады. 
Бір жарым сағатта өте шыққан байқаудың нәтижесінде барлық шаңырақтарға мектеп әкімшілігі атынан тәтті бокстар табысталды. «Сырдария», «Тобыл», «Әмудария» шаңырақтары қатысқаны үшін сертификатымен марапатталса, «Көрермен көзайымы» аталымын жеңіп алған «Каспий» шаңырағы диплом мен кубокқа ие болды. 3-орын «Жайық» шаңырағына бұйырып, «Qazaqbrend» ұлттық тағамдар жеке кәсіпкерлігінен ұлттық бокс сыйланды. 2-орынға «Нұра» шаңырағы тұрақтап, қазақ драма театрына билеттер ұтып алды. 1-орынға «Зайсан» шаңырағы үздік шығып, «Aisultan» өнер мектебінен дыбыс жазу студиясына және «Tiger» жеңіл тағамдар орталығынан 10.000 мың теңгелік сертификатты жеңіп алды. Байқаудың бас жүлдесіне «Елім-ай» әнімен көрермендерді жылатқан «Талас» шаңырағы лайық деп танылып, тәтті бокс, жеке дипломдар, кубокпен қатар, «Esbol» фото-видео студиясына шаңырақпен фотосессияға жолдама және әрбір оқушыға «Bambino» тәтті балмұздақтар орталығы атынана сертификаттар табысталды.  Байқау соңында демеушілерге мектеп директоры атынан «Алғыс хат» беріліп, қазылар алқасына қолөнер үйірмесінің жетекшісі Баталова Баян Жолдыбаевнаның оқушыларымен бірлесе дайындаған картиналары мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» кітабы, күнтізбесі сыйланды.
Айдана Өміржанова,
Музыкалық көркемдік жетекші

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓