Түлектердің алғашқы легі ҰБТ тапсырды
Бүгін облыс аумағындағы білім ордаларын бітірген түлектердің жартысынан астамы ҰБТ сынағын тапсырды. Аталмыш сынақ біздің өңірімізде 3,4,5 маусым күндері аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес емтихан тапсыратын 10 пункт базасы арнайы құрылғылармен жабдықталды.
Қостанай облыстық білім саласын бақылау департаментнің директоры Бәтима Даумованың мәлімдеуінше, биыл облыс көлемінде 4556 оқушы мектеп бітірген. Солардың 3031-і ҰБТ тапсыруға өтініш берді. Бүгін А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, З. Алдамжар атындағы ҚӘТУ мен Арқалық, Рудный қалаларындағы ҰБТ тапсыратын пунктерде барлығы 1618 оқушы тестілеуден өтті. Олардың жалпы орта баллы 80-нен жоғары болады деп күтілуде. Ал, ертең 993 оқушы, 5 маусымда 420 оқушы тест тапсырмақ. Сондай-ақ, облыс бойынша 117 "Алтын белгіге" үміткер бар екенін айта кеткен жөн.