Асқақ арман, жігерлі сенім иелері
Жалпы қалалық мектеп бітірушілер салтанаты «Қош бол, мектебім!» деген атпен үстіміздегі жылы Тобыл өзенінің жанындағы «Шағала» жағайында өтті. Әдетте, жыл сайын салтанат кеші облыс әкімдігі жанындағы алаңда өтуші еді. «Неге?» деген сұрақтар көп болғанымен, мектеп бітіруші түлектер үшін осы салтанат кеші ерекше болып естерінде, жадыларында қалары сөзсіз. Өйткені бірнеше күннен бері басылмай тұрған аптап ыстықтан, шақырайған күн көзінен көк жүзінде қалықтаған ақша бұлттар салтанат барысында бір сәт жастарды көлегейлеп тұрғандай болды, ал, Тобылдан болса салқын самал есіп тұрды.
«Шағала» жағажайына жиналған салтанат иелері-мектеп бітіруші түлектердің, ата-аналардың, ұстаздарының жүздері күлімдеп, қуанышқа бөленген. Кеше ғана көңілдерін сан-саққа жүгірткен, сары уайымға салдырған ҰБТ-да ұмыт қалғандай. Бәрі шат-шадыман. Шоқ-шоқ гүлдер. Бойжеткендер мен бозбалаларды танымайсың. Бәрі де әсем, көркем. Үстеріне кигендер киімдері қандай әдемі, қонымды, заман талабына сай стилді, жарасымды.
Міне, салтанат та басталды. Жиналған салтанат иелерін облыс әкімі Н. Садуақасов құттықтады.
– Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Өмірлеріңіздің жаңа кезеңі басталды. Биыл облысымыздағы мектептерімізді 4500 түлек бітіріп отыр. Әрқайсысыңызды алда асқақ арман күтіп тұр. Кең байтақ еліміздің қай түкпірінде жүрсеңіздер де туған өлкелеріңізді, мектептеріңізді, білім берген ұстаздарыңызды ұмытпағайсыздар. Еліміздің патриоты болыңыздар. Барлықтарыңызға сәт-сапар, ақ жол тілеймін,-деді облыс әкімі.
Содан кейін аймақ басшысы он бір жыл бойы тек «5» деген бағаға оқып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде сол алған білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгіге» ие болған мектеп түлектерді құттықтап, ақшалай сыйлық табыстап, кеуделеріне «Алтын белгілерін» тақты. Биылғы жылы осы «Алтын белгіге» үміткерлердің саны облыс бойынша 120 болатын-ды, солардың бар-жоғы 40 ғана ҰБТ-да білімдерін дәлелдеп шықты. Аз ба, көп пе? Сонымен, «Алтын белгімен» марапатталғандардың қатарында облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Ы. Алтынсарин атындағы мектеп –интернатының төрт түлектері де атап айтсақ, Нарқыз Макенова, Гүлназ Жаңабай, Кәмила Базылбекова, Айғаным Төлеухан бар.
-Бәріне ризамын, қуаныштымын. Ұстаздарымды, ата-аналарымды, достарымды құттықтаймын. Білімдеріне, тәрбиелеріне, артқан сенімдеріне рахмет. Оларға деген алғысым шексіз,-деді Кәмила Базылбекова.
Сол секілді С. Мәуленов атындағы гиназияның қос түлегі Әйгерім Ещанова, Гүлшат Әділбекова де «Алтын белгілерін» ҰБТ дәлелдеп шықты. Құттықтаймыз! Салтанатта жиналғандарды түлектер атынан Қостанай қаласындағы №23 орта мектебін бітірушісі Диана Асаубаева құттықтады, жылы лебізін білдіріп, түлектерге, ұстаздарға, ата-аналарға рахметін айтты.
Салтанат аясында «Алтын белгі» иелері облыс әкімімен естелікке суретке түсті. Аспанға түрлі-түсті шарлар ұшты. Соңғы мектеп вальсі ойнады. Сахнаға білім берген ұстаз-жетекшілер де көтерілді. Оларға да рахмет айтылды, түлектер гүлдерін сыйлады. Сол сәтте жаздың жылы жаңбыры себелей жөнелгені. Сән көйлектері мен опа-далаптары жаңбырға малынбасын деп бозбаларымыз костюмдерін іле-шала шешіп, сыныптас дос бойжеткендердің үстіне шатыр құсап көлегейлеп ұстап тұрды. Қалай ғана сүйсінбессіз!. Соңғы кезде селфиге түсу әдетке айналғандай, кеш жүргізушілері түлектерді жаңбыр астында сол селфиге түсуге шақырды. Кеш соңы концертке ұласты
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ