Мүмкіндікті мүлт жіберді
Қазақстан Ұлттық чемпионатының кезекті 16-шы тур ойындарына сәйкес Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Атырауды» қабылдады. Екі апталық үзілістен кейін жасыл алаңға қайта оралған футболшылардан қостанайлық жанкүйерлер көп үміт күткен. Өйткені, жазғы трансфертте «Тобыл» сапына бірден үш жаңа ойыншы қосылды. Турнир кестесіндегі жағдайды бір түзесе осылар түзейді десті көпшілік. Шындығында, Қостанайлық команданың жидесін киген ойыншылар көптің сол үмітін ақтауға тырысары белгілі.
Ойынның 38-ші минутында атыраулық Антон Григорьев есеп ашты. Дәл осы есеп үзіліске дейін өзгерген жоқ. Екінші таймда «Тобыл» сапында ойыншы алмастырылып, Огнен Красичтің орнына Уче Калу шыққан болатын. Осыдан кейін жерлестерімізге «жан» бітті. 48-ші минутта Ученің берген пасын Иван Садовничий әдемі голға айналдыра білді. 1:1! Араға тоғыз минут салып маусымаралық үзілісте «Тобыл» құрамына келіп қосылған украиналық қорғаушы Сергей Яровский таблодағы есепті еселеп,қостанайлықтарды алға шығарған.
Ойын аяғына дейін осы есеп сақталса екен деп, демдерін ішіне тартып отырған жанкүйерлердің қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Қорғаушылардың қателігін өз пайдасына асырған Константин Заречный ақыры есепті теңестіріп, «Атырауды» жеңілістен сақтап қалды. Қорытынды есеп 2:2.
Осыдщан кейін «Тобыл» турнир кестесінде 7 орынға көтерілді. Енді жерлестеріміз
24-ші маусым күні «Ақтөбеге» қонаққа барады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ