Туған жер
Неге екенін білмеймін, басқалардан гөрі, қазақтың өзегін өртейтін – сағыныш. Сағыныш болғанда да туған жерге деген сағыныштың жөні алабөтен, орасан. «..Түркістан маңы менің ата-бабаларымның туған жері ғой. Бірақ мән бермеппін. Поезбен ары-бері өтіп жүріп, Қаратауды құр сылдырама тас шығар десем, қойны толы қазына, етегі толы мал екен. Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ бап, Қарабура, Домалақ ана… Біз білмейтіндер қаншама. Кейінгі кезде аурудың әсері ме, мені осы жаққа қарай бір тылсым күш тартады да тұрады. Ынтығым құрып, ата-бабамның кіндік қаны тамған жерге есім ауа береді». – Бұл Мұхтар Әуезовтің сөзі. («Теріскейге түскен жол» Е.Жақсымбетұлы)
«Туған жердің топырағына табаным тигенде алпыс екі тамырым иіп қоя береді. Сірә, сол топырақтың, сол ауаның бір тілмен айтуға келмейтін бір құдіреті бар ғой», – деп жазыпты, Шыңғыс Айтматов. Қазақ үйден қырық қадам аттап шықса мүсәпір. Дүниенің қай бұрышында жүрсе де саналы алаш баласы өлсем сүйегім туған топырақта көмілсе деп аманат етеді, армандайды. Данагөйлер: «Аққан су астындағы топырағына қарай лайланып тазарады, адам барлық асыл қасиетін туған жердің топырағынан алады». Әйтсе де, ол қандай қасиет, қандай құдірет, дәмі бар ма, түсі бар ма? Ғалымдар адам бойындағы осы бір туған жер феноменінің сырын әлі ашқан жоқ. Ол бір жүрегі сезгенмен, тілмен жеткізе алмайтын тылсым бір киелі жұмбақ.
Қазақ-Қытай шекарасынан отан алдындағы әскери борышын өтеп келген бір жолдасымыздың баласы мынадай бір сыр ашқаны бар: «Демблден» соң үйге келе жатып Алматы облысынан әскерлес досым, қонақ болып аттануды өтінген соң, ауылына бардық. Ауылы керемет сұлу тау бөктерінде екен. Әскерде жүргенде досым бізге ертегідей ғып тамсантып, қызықтырып, сағына сыр шертетін тау жотасын көрсетпек болып, тау қойнауына жақындай берген бізді қарулы екі жігіт тоқтатты. «Ары аттап баспайсыз, рұқсат керек, себебі, бұл қойнау жеке меншікте. «Қожайын бүгін Талдықорғанға кетті. Ренжімеңдер, тәртіп солай» – деп тұр. Досымыз шыр-пыр болып, осынау кербез тау бөктерінде ата-баба қорымы, небір қалыс-қалтарысында, жықпыл-жықпылында, жалаң аяқ сүрлеу жолдарында табан тоздырғанын айтып, күзетші жігіттерді имани ниетке бұрғанмен,олар міз бақпады. «Қайтесің, қазір заман сондай» деп досымды жұбатып қайтқанымен, оның көзінен мөлдіреп үйірілген жас менің де жүрегімді қарып түскендей, құлазып қалдым… Аға, сонда, туған жерге, кіндік қаны тамған жерге қадам баса алмасақ, біз кімнің жерін қорғадық? Шекараның өтінде, жаман айтпай жақсы жоқ, кейде жаныңды шүберекке түйіп күзетесің. Сонда өзім табан тигізе алмайтын, ата-баба қорымына тәу ете аталмайтын жерді не үшін неге күзеттік?» – деп ышқынып кетті. Мен жалындап тұрған жігітке басу айтып, сабырға шақырдым. – «Мұндай бірен-саран жағдайға бола, бүткіл отаныңнан, еліңнен күдер үзе алмайсың бауырым. Меншік иесі де жөнге келер. Жердің иесі жаратқан иеміз. Жұрт не десе, о десін. Бір нәрсе ақиқат. Қазақ туған жерге кіндігінен байланған. Бәрібір қорғайсың, қорғаймыз…» – дедім. Жігіт бұл жауабыма иланғандай кейіп танытқанмен, көңілі толыңқырамай қалған сыңайлы…
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ