“Кітап ашумен әлемді танимын”
Міне, осындай тақырыпта жұртшылық арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру, оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, кітапханаға бетбұрыс жасау үшін Қостанай қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің № 4 "Дорожный" құрылымдық бөлімшесі акция өткізді.
– Биылғы акцияның ерекшілігі сол – іс-шараны автобус ішінде ұйымдастырдық. Қоғамдық жолаушылар таситын № 13 автобус маршрутын алдық. №13 автобус өз маршрутын, яғни автовокзалдан бастап мауыты-шұға комбинатынан – КСК-дан аяқтайтыны белгілі. Осы маршруттың басынан аяғына дейін болдық. Автобустың іші-сырты кішкене жалаушалармен, шарлармен, кітап туралы нақыл сөздер және мақал-мәтелдер жазылған плакаттармен безендірілді. Акция аясында қала тұрғындарының кітап оқуға тартудың әдісі ретінде бірнеше шара ұйымдастырылды, соның бірі, мысалы, "Буккроссинг" деп аталады. Ол дегеніңіз тегін әр түрлі жанрдағы көркем әдеби кітаптар ұсынылды. Соңғы жылдары елімізде өткізіліп келе жатқан "Бір ел – бір кітап" жобасы туралы да біршама мағлұмат берілді. Кітап, кітапхана, өлкетану туралы сұрақ-жауап байқауы ұйымдастырылды. Сұрақтарымызға дұрыс жауап берген жолаушыларды шағын сыйлықтарымызбен марапаттадық, демалыс паркіндегі аттракциондарға шақыру билетін сыйға тарту жасадық. "Қазіргі заманда кітапханалар қажет пе?" деген сауалнама жүргіздік, автобусқа мінген жұртшылық белсенді түрде "иә" – қызыл, "жоқ" – ақ екі жетон арқылы өз таңдауларын білдірді. Осы шараға Қостанай қаласындағы Горький атындағы мектеп-гимназиясының "Петрушка" атты театрының мүшелері қатысты. Іс-шара қала тұрғындарының көңілінен шығып, "Ертегілер әлемінде болғандаймыз"деп алғыстарын білдіріп жатты, – деді бізге өз әңгімесінде "Дорожный" кітапханасының бас кітапханашысы Жұмакүл Темірбаева.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: іс-шарадан көрініс.