Өнегелі әулет

Жас ұстаз  ретінде Амангелді ауданы, Тасты ауылында еңбек жолын бастағаныма көп болған жоқ. Жаңа ортада жас отбасы үшін бәрі қызық. Келген сәттен ақ ауылдастарымыз Әділ Қабдырашұлы мен Сақыпжамал Рүстемқызының отбасы туралы көп айтатын. Расымен де жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ұлағатты отбасынан шынымен көпшілік үлгі  алатындай екен. Отбасы күні қарсаңында осы әулет жайлы бір-екі ауыз сөз қозғауға тұрарлық. Әділ Саматов ағамыздың туған жері – Құмкешу ауылы. Марқұм әкесі Қабдыраш Ермағанбетов саналы ғұмырын ұстаздыққа  арнаған. Анасы Аңсаған Әубәкірқызы 8 құрсақ көтерген.
1972 жылы Амантоғай орта мектебін аяқтаған Әділ аға әскерге аттанады. Борышын өтеп келген соң ауылда еңбек жолын слесарь болып бастайды. Темірден түйін түйген шебер ауыл шеберханасында өмірлік тәжірибе алды. Отбасын құрды, жоғары білім алды. Целининград ауыл шаруашылығы институтын ойдағыдай тәмамдап, елге оралды. Мамандығы – ғалым-агроном. 1998 жылы аудан бойынша ең ірі шаруашылықтардың бірі «Табыс» ЖШС құрды. Өзі қыр-сырын жақсы білетін егін шаруашылығымен қатар асыл тұқымды мал өсіреді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басты назарға алып, ауыл тұрғындарына  барынша көмек қолын созып келеді. Бұл кәсіпорында ауыл тұрғындары еңбек етеді. Бүгінгі таңда «Табыс» Тастының күретамырына айналған десек қателеспейміз. Қазір мұнда еңбек науқаны қызып жатыр.
– Қандай мамандық иесі болса да, отбасының қадірін білуі тиіс. Ата-ана болашақ  ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы керек. Бұл жағдайда мен отбасымның  ұйытқысы Сақыпжамал  Рүстемқызына үлкен алғысымды білдіремін. Сол кісінің үлкен жүректі, тәрбиелі мінезінің арқасында ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырмыз. Үлкен ұлым Дархан – кәсіпкер, келінім – Әйгерім заңгер, екінші ұлым Ернар – мемлекеттік қызметкер, келінім Зайра да заңгер, қызым Лаззат тұрмыста, күйеу балам Ардақтың да мамандығы заңгер. Ұлым Бірнар қазір өзім құрған «Табысты» басқарады. Үмітімді ақтады. Келінім Гүлнұр есепші болса, кіші ұлым Ақжан ауылда агроном, кіші келінім Сымбат мектепте. Немерелерім Еркін – жоғары білімді технолог, Жібегім Англияның Кембридж университетін бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Қалған  немерелерім кішкентай, мектеп жасында. Бұл – менің әулетімнің мерейі, – дейді Әділ аға отбасын таныстырып.
Иә ел игілігіне қызмет жасаған Әділ Қабдырашұлы мен жоғары білімді ұстаз, физика пәнінің мұғалімі болған Сақыпжамал Рүстемқызының мерейі үстем. Саналы өмірін ауылда өткізсе де, ұрпағына жоғары білім әперді. Балалардың ата-анасының үмітін ақтағаны үлкен қуаныш емес пе?
Әділ аға аттан түспей еткен еңбегіне сай мемлекеттік марапаттар алды. Қызметіне лайықты баға берілді деуге болады. Қазір зейнетке шығып, немере баққан ұлағатты ата. Тасты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде уылдың мәселесін көтеріп  жүрген  қайраткер ата. Жан-жағына  шуағын шашқан жарасымды жанұя, өнегелі әулет бар отбасыға жанға үлгі боларлықтай.
 
Эльмира Жұмабекқызы,
Тасты мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Амангелді ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓