Қылмысты ашу – полиция үшін ар-намыс ісі
Облыстық ішкі істер департаменті 2014 жылдың сәуір айында жоғалған қызға қатысты істі тергеп, кісі өлтіру қылмысын ашу – полиция қызметкерлері үшін ар-намыс ісі деп ресми түрде мәлімдейді.
Жеті жасар Виктория Ганяны іздестіру жұмыстарын және оқиға орнын қарауды тиісінше ұйымдастырмағаны үшін облыстық ІІД бастығының бұйрығымен жоғалған қызды іздестіру және қылмысты ашу үшін жауапты ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ерлан Файзуллин, сондай-ақ оқиға болған жерді қарау жөніндегі жұмысты ұйымдастырған ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Мейірқан Торғаев жедел-тергеу тобымен Рудный қаласы ІІБ басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға орнынан фотосуреттерді Интернет желі-сінде орналастыру фактісі бойынша ОІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізуде. Кінәлілер міндетті түрде анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылатын болады.
ОІІД басшылығы осы қылмысты ашу үшін қажетті шараларды қарастыруда. Ішкі істер органдарының барлық мүмкін деген күштері тартылуда. ОІІД бастығының оперативтік жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары Атығай Арыстанов Рудный қаласында тәжірибелі қызметкерлерден құрал-ған жедел-тергеу тобының жұмысын өзі басқаруда.
Құқық тәртібін тек полицияның күшімен нығайту оңай емес. Бұл халықпен тығыз байланыста іске асырылатын ортақ іс. Жоғалған қызды іздестіру жұмыстары соның бір дәлелі. Арнаулы штаб құрылып, волонтерлердің жұмысын үйлестіріп отырды. Іздеу жұмыстарына "ССКӨБ" қызметкерлері, Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларынан мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер қатысты. Іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге жұмыс істеді, барлық жерді қамтуға тырысты.Волонтер Владимир Радченко қызды іздеуге қатысып қана қоймай, суда іздеуге қажет қайықтарды да берді.
Қыздың денесінің табылғандығының өзі бұл жұмыстың нәтижесіз болмағанын көрсетеді. Қазір полиция барлық күшті қылмыскерді іздеп табуға жұмылдыруда. Алайда Интернеттің әлеуметтік желілері арқылы тергеуге кедергі келтіргісі келетіндер бар. Кейбір блогерлер полиция мен волонтерлердің бірлескен жұмысын бөліп көрсетуде. Осылайша қылмыскерді іздеуге бөгет болып, полиция мен халықтың арасына жік салғысы келеді.
Біз қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау болады деп үміттенеміз, өз кезегінде полиция қылмысты ашу үшін қолдан келгенінің бәрін істейтін болады.