«Көңілашар» арқылы танымал болдым»,- дейді талантты өнерпаз Біржан Жүзбай

Бұл азаматты миллиондаған қазақ жұрты танып үлгірді. Әйгілі қағытпа шебері Тұрсынбек Қабатовтың «Қазақстан» ұлттық арнасында кешкілік уақытта көрсетілетін «Көңілашар» шоуына қатысушы жерлесіміз – Біржан Жүзбайдың өнеріне барлық қазақ жұрты тәнті болды. Ол – Жанкелдин ауданының тумасы. 1992 жылы Қаратүбек орта мектебін тәмамдап, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының музыка факультетінің домбыра сыныбына оқуға түседі. Аталған оқу орнында екі жыл оқып, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге шақырылады. Дәл осы уақытта Тәжікстан жерінде азаматтық соғыс жүріп жатқан кез болатын. Біржан Жүзбай қазақстандық бір топ жауынгерлермен тәжік жеріндегі бейберекеттілікті тыныштандыруға аттанады. Азаматтық соғыстың өрті сөнісімен, еліне қайтып, өз ауылында орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.IMG-20151118-WA0007
2002 жылы Біржан Жүзбай ары қарай оқуын жалғастырып, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің өнер факультетіне түсіп, домбыра сыныбында белгілі күйші, марқұм Абай Әмірхановтың шәкірті болады. Көп уақыт өтпей университеттен бірнеше факультеттер бөлініп, Қостанай педагогикалық институты ашылады. Сөйтіп, өнер факультеті институттың құрамына өтеді.
Біржан 2007 жылы аталған оқу орнын бітіріп, Қостанайға көшіп келіп, 2008 жылы Қазақстан ауылы мәдениет үйінің меңгерушісі қызметіне орналасады. Үш жылдан кейін Алтынсарин ауданының мәдениет үйінің басшысы қызметіне ұсыныс түсіп, сол ауданға барып еңбек етеді.
Міне, осы шақта Біржан нағыз шығармашылыққа дендеп кіріседі. Алғаш келгеннен бастап, ол кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп, жас өнерлі мамандарды жұмысқа тартады. Ұлттық өнерге әбден сусап қалған аудан жұртшылығын қуанышқа бөлейді.
­– Расын айтсам, мен келгенде мәдениет үйінде бір-ақ домбыра бар екен. Ұлттық өнер дегеніміз атымен жоқ. Қайтпек керек? Аудан әкіміне барлық мәселені жайып салдым, қолдайтынын жеткізді. Сөйтіп, бірнеше сауатты жас мамандарды қызметке алып, «Мұрагер» ұлт аспаптар ансамблін құрдық. Ансамблдің құрамында өзіңіз жақсы танитын Айбек Сыздықов та еңбек етеді,- деп Біржан Жүзбай ағынан жарылды.
Өңірдегі бірнеше байқауларға қатысып жүрген Алтынсарин ауданының көркемөнерпаздары Біржан Жүзбайдың көркемдік жетекшілігімен 2012 жылы «Тұран-Торғай» деген тағы бір ансамбльді құрады. Бұл ансамбль әлем халықтарының тілдеріндегі танымал әндерді домбыраның, қобыздың, гитараның сүйемелдеуімен орындау арқылы ерекшеленіп, өңірге тез танылды.IMG-20151118-WA0009
Міне, осындай елеулі еңбегімен еліне қызмет ете білген Біржан Жүзбайға «Көңілашарға» қалай жол тарттыңыз деп сауал қойған едік. Ол:
– Арқалықтан қазақтың арқалы айтыскер ақыны Айбек Қалиев телефон соғып, «Бәке-ау, «Көңілашарға» кастинг жариялап жатыр. Бір барып қатысып көрмейсіз бе? Өнеріңізді ортаға салып байқаңыз. Тоныңызды шешіп алмас» демесі бар ма? Әрі ойлап, бері ойлап, жан-жағыммен ақылдасып, «Астана, қайдасың?» деп жолға шықтым. Мұндағы ең басты мақсатым – өзің білесің, біздің Торғай небір айтқыштарға толы мекен ғой, сол ауыл айтқыштарының миллиондаған қазақ естімеген әңгімелерін айтайын, атын бір жаңғыртайын деген ниеттен туды. Аллаға шүкір, қазір екі бірдей турынан өттік. Үшіншісі маған ауыр бола ма деп ойлап қоямын кейде. Келесі турға өтейін, өтпейін ең бастысы, Торғайдың талантты айтқыштарының сөзін жаңғырттым,- деді Біржан, тағы қандай сауал қоясың дегендей әңгімесін кілт тоқтатып.IMG-20151118-WA0006
­– Сізді де ауыл айтқышы дейді. Әр әңгімені айтқанда да майын тамызып, шебер айтасыз. Өткендегі екінші турда Тұрсынбек тіпті, риза болды. Анекдот айтқанда ең түйіні, күлетін жері – соңы ғой. Міне, Сіз соны қатты меңгерген сияқтысыз. Әр айтқан әңгімеңізде түйінге қатты көңіл бөлесіз.
– Дәл таптың. Өлеңде де солай ғой. Сендер түйінсіз өлең жазбайсыздар ғой. Міне, күлетін әңгіменің де нағыз күлдіретін жері – осы түйіні. Мұны, әрине, біздің торғайлық кез келген жанның бәрінен сұрасаң да айтып береді. Жастайымыздан өнерге жақын болып өскендіктен, ауыл айтқыштарының әңгімелерін тыңдағаннан болар, қасиет жұққан ғой. Кез келген торғайлық асаба болсын, жай бір ауылдағы адам болсын, не айтса да мәнерінен, мағынасынан ауытқымай, майын тамызып айтуға тырысады. Бұл, өзің білесің, біздің жақта қанымызға сіңіп кеткен әдет. Сөйлесек те, шебер, мүдірмей, кідірмей айтуға ұмтыламыз,- деп Біржан Жүзбай біраз ауыл айтқыштарының әңгімесін айтып бізді бір күлдіріп алды.IMG-20151118-WA0008
…Қазір отбасында бір қыз, екі ұлын тәрбиелеп отырған ол балаларын да өнер жолына баптауда. Қызы Рудный қаласындағы музыка колледжінің қобыз сыныбында оқиды. Ұлдары да домбырада ойнауға бейімделіп, әкесінің жолын қуып жүр.
 
https://www.youtube.com/watch?v=kWEfF5L-bXM
 
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓