Емі табылмаған дерт
Ауа райының құбылмалығынан және аптап ыстықтан қан қысымы жоғары және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдарға қолайсыз болып отыр. Қостанай қалалық №3 емхананың кардиолог дәрігеріне ұзын сонар кезек.
Олардың дені артериялық гипертония дертіне шалдыққан науқастар.
Яғни қан қысымы 140 және одан жоғары. Дәрігерге келгендер бірден қан қысымдарын өлшетеді.
Күн райының күрт өзгеруі және бір апта бойына тұрған ыстық қан қысымымызды жоғарлатып жіберді, деп шағымдарын айтады.
– Күніне медициналық көмек сұрап 24 адамға дейін келеді. Олардың бәрі артериалдық гипертониямен ауратындар. Бүгінгі күні стационарлық ем қабылдап жатқандар бұдан да көп. Қаламыздағы инсульт орталығы науқастарға лық толы. Ең қынжылтатыны науқастар арасында жастардың көптігі, – дейді Қостанай қалалық №3 емхананың кардиолог дәрігері Ғабит Заженов.
Жалпы әлемдік статистика бойынша жер бетіндегі әрбір 3-ші адам қан қысымының жоғарлығынан зардап шегеді. Тұқым қаулатын бұл дерттің әлі күнге емі табылмаған. Дәрігерлер науқастарға тек қысымды тұрақтандыратын дәрілерді жазып беріп, ем-дом жасай алады.
-Қан қысымының шамадан тыс жоғарлап кетуі адам өміріне аса қауіпті. Өйткені қан тамыры жарылып, инсультқа әкеп соқтырады. Ал жүрек-қан ұйып, тамыр жарылса, жүрек талмасы болуы мүмкін. Сондықтан мұндай ауруға шалдыққан адамдар өз-өздерін күтуі қажет. Қатты күйзеліске ұшарау, қобалжу қысымды арттырады, – дейді кардиолог дәрігер.
Махаббат Бекбай