Техника сенімді, жұмыс өнімді
Еліміздегі агроөнеркәсіп саласының ауыл шаруашылық техникасын жаңалау науқаны қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Бұған мемлекет тарапынан қолға алынған тиімді бағдарламалар мен шаруашылықтарды несие жағынан қаржыландыратын ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуі зор сеп болуда.
Астықты өңіріміз де бұл нәтижелі науқаннан құр алақан емес. Айталық, агроөнеркәсіп кешенінің машина-трактор паркін жаңартып, сапалы лизингтік қызметтер көрсетіп келе жатқан «Бәйтерек» Холдингінің «ҚазАгроҚаржы» АҚ соңғы 20 жылда ауыл шаруашылығына 980 млрд теңге инвестиция құйған. Тек биылғы жыл басынан бергі бес айда алпауыт қаржы ұйымының облысымыздағы филиалы 12 млрд теңгеден астам қаражатқа 445 дана техниканың сатып алу құжатын мақұлдап отыр.
Сертке берік серіктестік
ҚазАгроҚаржының аймағымыздағы сенімді серіктесіне айналған шаруашылықтың бірі – Қарабалық ауданындағы «Ақ-Бидай-Агро» ЖШС. Қос тарап тоғыз жылдан бері ынтымақтасып жұмыс істеп келеді. Былтырдан бастап неғұрлым жоғары қуатты техникаға көшуге бел буған бұл агрофирма филиалдың қаржыландыруы арқылы 2 млрд 620 млн теңге сомасына техника сатып алды. Соның ішінде биылғы машина-трактор паркін жаңалау үлесі 1,6 млрд теңге.
Шекарадағы Қарабалық ауданына арнайы барып, «Ақ-Бидай-Агро» серіктестігінің алқабын көріп, егіс науқанында қызу жұмыс істеп жатқан диқандардың жұмысымен танысып қайттық. Қазір бұл компания машина-трактор базасын жаңа көлік модельдерімен толықтыруды қолға алған.

Серіктестік үшін ҚазАгроҚаржының шарттары өте тиімді. Сенім бар, несие қаражатын кешіктірген күні жоқ. Олар да құжаттандыру, қаржыландыру жағынан кешіктірмейді. Міндетіне жауапты. 7-10 жылға шақталған арзан несие. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту саласына зор көмек көрсетіп отыр.
Техниканы заманауи, қуаты жоғары, өнімділігі мол түріне ауыстыру – бүгінгі күннің талабы. Шаруалар осыны қазір жақсы түсінген. Мейлі шетелдік болсын, Қазақстанда шығарылсын, техника сатып алғанда мемлекет тарапынан 25 пайыздық қайтарым бір болса, 17 пайыздық несиенің 10 пайызын тағы субсидиялап отыр. Яғни, серіктестік тауарды жеті пайыздық мөлшерлемемен алады деген сөз. Сондықтан агроөнеркәсіп саласы үшін машина паркін лизингілеу арқылы жаңартқан анағұрлым тиімді.

Қазіргі таңда «Ақ-Бидай-Агро» серіктестігінің Қарабалық, Бейімбет Майлин, Федоров аудандарында 85 мың гектар алқабы бар. Күзде астықты сату-өткізу жағынан еш қиындық жоқ.
Еңбек етем деген адамға
Маусымдық жұмысшыларды қосқанда агрофирмада 400-дей адам еңбек етеді. Оның 150-і механизатор. Егер жұмысшы белгіленген норманы орындайтын болса, бір күндік ауысымда 25 мың теңгеге дейін еңбекақы ала алады. Орташа табысы айына 250-300 мың теңгені құрайды. Мұнда маусымдық жұмыс емес, жыл он екі ай еңбек етіп, маңдайақы айлығыңызды алып отырасыз. Қазір міне, егіс науқаны аяқталды, оның ар жағында мал азығын дайындау, әрі қарай күзгі орақ, қыс айларындағы техниканы жөндеу жұмыстары тұр. Цехтар газбен жылытылады, жұмысшылар автобуспен тасымалданады.
Шаруашылық механизаторы Таңатқан Молдашевтің осында жұмыс істеп келе жатқанына 21 жыл болыпты. Өзі Қарабалықтан жиырма бес шақырымдағы Сарыкөл ауылында тұрады. Қазір егістік басында 12 сағаттық күндізгі ауысымда. Бұның алдында америкалық John Deere тізгіндеп келген ол бір жылдан бері қазақстандық зауыт құрастырған «Ростсельмаш» трактор кешеніне отырған.

Жас мамандарға арналған бағдарлама бойынша келген бірнеше жас жұмысшы бар. Олар қалды бізде. Механизатор табу барлық жерде проблема. Шамамыз келгенше шартымызды айтып өз ауданымыз бен басқа өңірлерден шақырып жатамыз. Осыншама жалақы ұсынғанымызға қарамастан, жастар ауылға келгісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің асты жайлы оларға. Қалада өмір сүріп, жұмыс істеуді мәртебе санайды. Алатын айлықтары 70-80 мың, оның жартысынан көбі пәтерақыға кетеді.
Жас маман келсе, оған ішінде суы, газы бар қызметтік баспана береміз. Өз адамдарымызға арналған 10 пәтеріміз бар. Қаржылай көмек ретінде пайызсыз займ береміз. Соңғы бес жылда келген жас мамандардың барлығы тұрақтап қалды.
Тиімді, оңтайлы тәсіл
«Ақ-Бидай-Агро» егістікті әртараптандыруды оң жолға қойған. Ал Биағаң еліндегі шаруашылыққа суармалау жүйесін енгізуді қолға алғысы келеді. Малға қажетті азықты нәрлендіру мақсатында зығыр, рапс, жүгері, сиыржоңышка, түйежоңышқа өсіріледі. 2019 жылы 3,5 мың гектарға жүгері еккен. Биыл оның алқабын азайтыпты, себебі, мал жемінің рационы өзгере бастады. Оның сыртында бұрынғы жылдардан қалған мол қоры тағы бар.


