Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: “Қостанай мұсылмандарының ислам дініне деген шексіз махаббатына көңілім толды”

IMG_8529Өткен жұмада Қостанай жеріне алғаш рет екі күндік сапармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров ат басын бұрған еді. Ол қасиетті жұма намазында облыстық Марал ишан мешітінде барлық мұсылман жамағатымен жүздесіп, қалалық балалар шығармашылығы үйінде "Дін мен дәстүр" тақырыбында танымдық мәжіліс өткізді. Біз сол кездесулерде қойылған сауалдарымызды арнайы оқырмандарымыз үшін жарияламақшымыз.
– Ержан қажы Малғажыұлы, аса жауапты қызметіңізге кіріскелі бері өңірімізге алғаш кеп отырсыз. Қандай әсер алдыңыз?
– Бұл киелі мекен ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Ы.Алтынсариннің, Ш.Уәлихановтың, А.Бай-тұрсыновтың, М.Дулатовтың, Б.Майлиннің – кіндік қаны тамған Отаны. Алған әсерім де шексіз. Бір көңіл толарлығы – мұндағы мұ-сылман жұртшылығының ислам дініне деген құрметі мен шексіз махаббаты және жергілікті мешіт имамдарының Діни басқарманың алдына қойған негізгі мақсаттарының үдесінен шығып жатқаны. Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл біздің басқарма "Дін мен дәстүр" деп аталатын ұрпаққа берері мол құнды кітабын шығарды. Соның нәтижесінде, біз осы жылды "Дін мен дәстүр" жылы деп те бекіттік. Осы игі шара қазір еліміз бойынша қызу талқыланып, бірнеше кездесулер өткіздік. Қостанай жерінде де осы мақсатта келіп, жамағатпен дидарласып жатырмыз. Осы шаһарда ақын, Жолбарыс қажы Баязид ақсақалымыз тұрады. Жақында 80 жас мерейтойын тойлады. Ол кісі де бір адамдай атсалысып, болашақ ұрпақты имандылыққа шақырудан жалыққан емес. Сол ақсақалымызға арнайы барып, мерейтойымен құттықтап шықтым. Осындай ақсақалдарымыз барда бұл өңірде жастарымыз имандылыққа деген құлшынысынан айырылмайды деген сенімдемін.
– Дұрыс-ақ. Лайым солай болғай! Кеше ғана жаңа мешіттің тұсау кесері өтті. Сол жиында…
– Иә, сол жиында мен біраз жәйтты аңғарып қалдым. Әсіресе, Қостанай мұсылмандарының дінге деген ерекше махаббаты, бір-біріне деген ілтипаты, Төлеген Жайлаубаевтай кәсіпкер азаматтың мешіт салудағы көрсеткен үлгілі ісі барлығы болашақ ұрпаққа деген өнегелі тәрбие екендігі даусыз. Сол мешіттің бас имамы қызметіне ұзақ жылдар бойы дін саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан Шоқан қажы Әмірхановты тағайындадық. Сондай-ақ, Қостанай қаласында тағы да бір мешіттің құрылысы салынып жатқаны баршаға аян. Аллаһ қаласа, оның да құрылысы бітіп, халықтың игілігіне беріледі.
– Сіздермен  бірге шаһарымызға ел танитын біраз өнерлі азаматтар да келіп, өнерін паш етті. Халық та дән риза болды.
– Бұл өнерлі азаматтар бес уақыт намазын қаза қылмай, имандылық жолда жүрген сыйлас жандар. Олар: ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ақжол қажы Мейірбеков, "Досмұқасан" ансамблі, Қызылордадан  арнайы   шақырылған мәдениет қайраткері, әнші-композитор Әлмырза қажы Ноғайбаев, Қостанайлық жас талап Әуезхан Нұрым. Бұл азаматтар діни өлеңдер, әндер айтып жиналған жамағаттың жүрегіне имандылықты одан сайын құя түсіп, талантымен тамсандыра түсті.
– Байқап отырғанымыздай, біраз әсерге бөленіп, жамағат алдында уағыз айтып, Қостанай топырағының тарихына үңіле түскен екенсіз. Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет.
Нұрболат
          МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: Бас мүфти жұма намазына жиналған жамағатқа уағыз айтуда.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓