Республикалық турнир мәреге жетті
Арқалық қаласында асық атудан Кейкі батыр атындағы республикалық турнирдің жалауын көтергенін мұнан бұрын да хабардар еткен болатынбыз. Сайыс жанкүйерлерін жанына көптеп жинап, естен кетпес әсер қалдырды.
Ерсайын Нарымбаев, Республикалық "Асық ату" Федерациясының хатшысы:
– Соңғы жылдарда республикалық деңгейде жарыс өткізіп, ұлттық ойынды дәріптеп, насихаттап жүрміз. Асық ойындары республикалық жарыстардың жоспарына кірді. Былтыр Тараз қаласында жасөспірімдер арасында өтті. Өскемен қаласында ересектер арасында өтіп, оған 14 облыстан 16 команда қатысты. Жақында Қостанай қаласында қазақстан біріншілігін өткізейік деп отырмыз. Астана қаласында өтетін Халықаралық турнирге Моңғолия, Тәжікстан, Қырғыз жалпы түркі елінің командалары қатысуға ниет білдіріп отыр.
Самат Аукенов, төреші:
– Көкшетау қаласындағы балалар спорт мектебінің бапкерімін. Турнирде қыз балалар арасында өткен "Бесасық" ойынына төреші болдым. Спортшылар жақсы дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Тілегім, жасөспірімдеріміз компьютердің алдында уақыттарын босқа сарп етпей, ұлттық ойындарды дамытса деймін. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ ойындары әлемдік деңгейге көтеріліп, жақсы дамыған. Асықтың да сол деңгейге көтерілуін тілеймін.
Мұхтар Ахметов, спортшы:
– Асық десе ішкен асын жерге қоятын адамның бірімін. Жасым 57 – де. Бірінші сыныптан бастап ойнадым. Отбасымызбен спортпен шұғылданамыз. Ұлым шахматшы, қызым бадминтон ойнайды. Асық атудың спортқа айналып келе жатқанына қуаныштымын. Енді Қостанайдағы жарысқа дайындаламыз.
Мен өзім бокстан спорт шеберімін. Бокста өзге де спорт түрлерінде әр қалада өздерінің бір турнирлері болады. Мысалы, Қарағандыда жыл сайын 15 желтоқсанда Ғ. Сапарғалиев атындағы турнир өтеді. Оған Кубаның спортшыларына дейін келіп қатысады. Кейкі атамыздың "Асық ату" турнирі де жыл сайын Арқалық қаласында өтіп тұрса деймін.
Серікбай Жиеналин, зейнеткер:
– Мен ардагер ойыншымын. Жасым 65-те. Мектепте 40 жыл бойы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Лисаков қаласында асық ойындарын дамытуға атсалыстым. Балалар 3-4 жастан бастап, түсініп ойнайды.
Өскеменде өткен республикалық бірінші жарыста 14 облыстың ішінен Қостанай облысының атынан бірінші орын алып, "Алтын асық" иесі атандым.
Бұл ата – бабамыз ойнаған ойын. Қазағымыздың қанына сіңген ойын. Сексендегі атасы үш жастағы немересімен асық ойнаған ғой. Бұны балабақша, мектеп, оқу орындарына негізгі ұлттық ойын ретінде енгізу керек.
Асық ойыны сүйіспеншілікке, мергендікке, ұйымшылдыққа, ептілікке баулиды. Қаражат қажет етпейді, жер талғамайды әрі денсаулыққа өте пайдалы.
Турнир қорытындысына тоқталар болсақ: Қостанайлықтар бірінші, Тараздықтар екінші, Астаналықтар үшінші орынға тұрақтады. Жекелеген ойыншылар арасында да жеңімпаздар анықталып, "Сұрмерген" атағын Қостанайлық спортшы Мұхтар Ахметов жеңіп алды.
Жүлдегерлерді қала әкімінің орынбасары Е. Мәметеков, Кейкі батырдың ұрпағы М. Спандияров, институт ректоры С. Қуанышбаев және республикалық "Асық ату" федерациясының өкілдері марапаттады.
Мұрат Жүнісұлы
Суретті түсірген автор
Арқалық қаласы.