Жастарға бағытталған
Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы "Мемлекеттік жастар саясатын ілгерілету бағытында бастамашыл және талантты жастарды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру" жобасын қолға алған. Аталмыш жоба шеңберінде Рудный, Лисаков, Жітіқара, Тобыл қалаларында Қостанай облысы прокуратурасының және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қолдауымен NEET санатындағы жастар өкілдері арасында шағын-футболдан "Дүйсенбілік футбол" турнирлері өтуде.
Қазіргі қоғамда NEET санатындағы жастар тобы бар. Бұл ұғым кейінгі жылдары көбірек айтылғанымен, ондай жастардың бұрыннан бар екені жасырын емес. Бүгінгі таңда елімізде NEET санатындағы жастар оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтты. Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақшаласақ «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді. Сондықтан ондай жастармен де жұмыс істеуге тура келеді.
Турнирге барлығы 10 команда қатысты. Олардың құрамында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде есепте тұрған жастар да бар. Оларға кешке көшеде серуендеуге, мереке күндері ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынады. Сондықтан олар үшін осындай іс-шараларға қатысу бос уақытты өткізудің ең тиімді болары сөзсіз. Мұндай іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттайды, әлеуметтік бейімделуге көмектесуге бағытталған, сондай-ақ сотталғандардың тәрбие процесінде маңызды рөл атқарады.