Қызметтердің қатары көбейтілді
Маусым айынан бастап еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында пилоттық жүйеде жаңадан 35 қызмет көрсетіле бастады. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемеден салық есептілігін қабылдауға, кері қайтаруға, дара кәсіпкерлерге патент беруге, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап-бағуға жәрдемақы тағайындауға, Қазақстан Республикасына жеке істер бойынша кіруге шақыруларды ресімдеуге және т.б. қызметтерді алуға болады.
«ХҚКО» РМК бас директоры Әсемгүл Балташеваның айтуынша, қазіргі уақытта 9 мемлекеттік органның 35 қызметі берілді. «Әзірше осы қызметтердің стандарттары қаралып жатқанда, олар ХҚКО-ларда пилоттық режимде ұсынылады. Оларды бекіткен соң, пилоттық жоба аяқталады және қызметтер ХҚКО-ларда жалпы негізде көрсетілетін болады», – деп атап өтті.
ХҚКО баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа жүгінер болсақ, орталықтарда жыл аяғына дейін инвестициялар және даму, ауыл шаруашылық, әділет, қаржы және қорғаныс министрліктерінің 20-дан астам жаңа қызметтерін ендіру жоспарлануда. Осылайша, мұндағы көрсетілетін қызметтер саны 212-ге жеткізілмек. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2011 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында барлығы 59 қызмет түрі көрсетілген, 2012 жылы – 113, 2014 жылы олардың саны 171 жеткізілді.Ағымдағы жылдың 4 айында елімізде 14 млн-ға жақын қызмет көрсетілсе, соның 10 миллионнан астамы – электрондық жүйеде жасалған.
Ж.Кәкімжанов