Пешенеме жазылмаған
Пойыз Қостанайдан Астанаға бір-ақ түн жүреді. Түнгі сағат он бірде отырдым. Купеде менен басқа шашы әппақ, маңдайы мен екі бетінде сояу-сояу әжім бар, қызыл шырайлы бір кісі бар екен. Жайғасып, есенсаулықтан кейін шәй алдырып, ағасы әңгіме айта отырыңыз деп сөзге тарттым:
– Ағасы дейсіз, мен әлі кіші болып шықпайын, көп болса, менен екі-үш-ақ жас үлкендігіңіз бар шығар, – деп, жылдам екен, қалтасынан куәлігін алып маған көрсетті. Дәл түсіпті. Үш жас кіші болып шықты.
– Ағасы, сізге айтуға болады, сіздер дұрыс түсінесіздер ғой, – деп жүзіме күлімсірей бір қарап алды да, сөзін сабақтай жөнелді. – Менің мыж-мыжымды шығарып, жыртып тастай жаздады, мына ақымақ шақшадай басым. (басын нұқып-нұқып қойды)
Сенсеңіз, нақақтан-нақақ он жылға түрмеге отырып шықтым. Мен біле тұра тұзаққа өзім барып түстім. Банкте беделді бөлімді басқардым. Басшылар 100 миллион теңге кредитті менің атыма алғызып, бір миллионын маған берді де, өтеуін өздері өтейтін болған. Бір күні жоғары жақтан тексеру келіп, дөкей көкелерімнің алаяқтығы әшкерленді. Менің атыма алынған кредит те заңсыз реттеліпті, мен «алаяқтықпен» банкты «алдап соққан» болып шықтым. Ал сеніп жүрген «крышаларым» жаны қысылғанда, айнып шыға келді. Сөйтіп, айдың күні аманында галстук тағып шіреніп жүрген мына Бәкең темір тордың ар жағына бір-ақ түсті. Артымда әйелім мен бес жасар ұлым қалды. Тағдырдың тәлкегі деген рас екен. Түрмеде жанымды аямай балам мен әйелім тарықпасыншы деп жұмыс істедім. Тапқан-таянғанымды салып тұрдым. Қайтесіз, он жыл артта қалып, биыл шықтым. Шыққаным құрысын, шықпай-ақ түрмеде шірігенім дұрыс еді!. Түрмеден босатуға үш ай қалғанда ойда жоқ жерде он беске келген балам көлік апатына ұшырап, көз жұмды. Бұл хикметті қараңыз, ішінде менің балам бар өз бетінше кетіп бара жатқан көлікті бір «джип» көлденең келіп қатты соққан. Джиптің рөлінде өле мас отырған кім дейсіз бе? Мені соттатқан банк басшысының баласы болып шықты! Балам тіл тартпай кетті, ал әлгі сұмырай аман.
Бұрыннан аурушаң, енді жалғыз баласынан айырылған әйелім қайғыдан құса болды. Мен түрмеден шығатын күні түнде өзі-өзіне қол жұмсапты. Мен соры ашылмаған бейбақ оны үйге келгенде бір-ақ білдім, – деді ол. Екеуміз де үнсіз қалдық.
– Қостанайға кімге келіп едіңіз? – дедім сәлден соң.
– Түрмеде жүріп суықтап, белден айырылдым. Соқа басым. Құдай жалғыз, мен жалғыз. Осы жалғаннан белгісіз боп өткенім бе деген небір ойлар мазалап бітті. Адамнан жасырғаныңды Алладан жасыра алмайсың. Осыдан жиырма бес жыл бұрын қайынжұртыма барғанмын. Әйелімнің туған сіңілісі бар-ды. Өзі бір жалт-жұлт етіп тұрған бір пәле. Бір жеті жүргенде өзі кетәрі болмағасын аздап «ойнап-күлдік». Бірақ ол күлкі болмай шықты. Біздер алыс қалаға көшіп қатынасымыз үзілген. Сіңлім күйеуге тиіп босанып алыпты дегенді әйелімнен естігенмін…
Жиырма бес жылдан кейін, ұятты беліме түйіп іздеп келдім. Әйелімнің сіңлісі шынын айтты, бала менікі екен. Көрдім. Маңдайынан иіскедім, маған ұқсайтын жерлері де бар. Сездім, бағып-қағып, өсіріп отырған әкесі де инабатты, етітірі азамат.
Мен болсам… мен қумаңлай, бала менен деуге ауызым бармады. Уыздай ұйып отырған отбасына кесірім тимесін, қарамды батырайын деп бір күн қонбастан үйіме қайтып бара жатқан бетім… – деп, терезеден дөңгелене қалып бара жатқан далаға қарап сұлқ отырып қалды. – Бәрі өзімнен, көбі біліп істеген қателігім..Бұл менің пешенеме жазылмаған тағдырым, енді…
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ
Жанұзақ ағамның жазған әрбір мақаласын сүйсініп оқимын. Адамға салмақты ой салады. Жазарларыңыз дөп болсын, оқырмандарыңыз көп болсын.
Жанұзақ аға маған құдды иманның теңізі, адамгершіліктің заңғар тауындай көрінеді.Ағаның берер жемісі мол жас ұрпақ! Оқыңыздар!