Кездесуден туған ой

Жуырда Рудный қаласының №7 орта мектебінде «Қостанай таңы» газеті күндері атты тағылымы мол шара жалғасын тапты. «Қостанай таңы – менің газетім» деп есептейтін еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мекеме басшылары, қызметкерлер, студенттер мен мектеп оқушылары да жиынға атсалысты. Қуанатын жәйт, мәжіліс залы лық толды.
Кездесуде басылымның бас редакторы Жанұзақ Аязбеков жиынның мақсатымен таныстырған соң, қызу пікірталас басталып та кетті. Әңгіменің арқауы газет беттерінде көшені қазақыландыру, комбинаттың тіршілігін кеңінен насихаттау, оралман бауырларымыздың мәселелері туралы сөз көбірек болды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ашық сұхбат кезінде жиналғандар «Қостанай таңының» таралымының кеңеюіне ат салысуға мұрындық болуға келісті. Үш сағатқа созылған ашық әңгіме де өз мәресіне жетіп, көпшілік ашық-жарқын газеттің ұжымына алғыстарын білдіріп тарқады.
Мен отырған автобусқа зейнеткерлер де мінді. Олардың кездесуден алған әсерден арыла алмай отырғандары өзара шүйіркелескендерінен-ақ бірден байқалды. «Әлсабыр замандасымыз әңгімені жақсы бастап берді. Газеттегі тақырыптар өзектілігімен сеңді бұза бастады. Бұндай шара бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде болып еді-ау. Бүгін қайта жанданды. Бетпе-бет жүздесіп, бір жасап қалдық. Әсіресе, редактор әлемі бұрышы ашықтан-ашық еріксіз әңгімеге шақырып тұрғанын да көпшілік айтып жатты. Қарапайым тілмен түсінікті беріліп жүр» десе, екіншісі «Бәсе, газеттің қаладағы таралымы 400-500 дана екендігін ойлап қарасам, жеке тұратын екі ұлым да «Экспресс», «Магнетит», «Твой шанс» деген газетке жазылып жүр. Бұларға неге жазыласыңдар десем, «басшылар ұрсып жаздырады» дейді. Содан соң мен қайтем? Өзім Казпоштаға барып, «Қостанай таңына» жазыламын. Енді үйге барғасын, балаларыма осы газетке жазылуларын қадағалаймын» деп көршісін қостап қойды. Оны естіген дембелше келген кісі бір жымиып: «Оны мана көптің көзінше айтып, орыс басылымынан гөрі өзіміздің төл газетке жазылыңдар деп неге айтпадың? Міне, осындай қысымның болуы да газетіміздің көбеймей отыруының бір себебі болып табылады. Қазақ десең өзімізге тиеді, осылай ойымызды еркін айта алмай езіліп жүреміз» деп бір кейіп тастады.
Міне, тыңдаушының осындай жүрекжарды пікірлерінен-ақ газет ұжымының діттеген мақсатына қол жеткізгені анық. Қазіргі ақпараттану заманында редакция ұжымының сүйікті газетіміздің беделін көтеру үшін «Халық айтса, қалт айтпайды» деген қағиданы ұстанып, алдымен жұртының мұң-мұқтажымен санасып барып, іске көшуі басылымның болашағы зор екеніне сендіреді.
Роза Жарқынбекова,
газет жанашыры
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓