Бүгін ҰБТ басталды
Еліміз бойынша мектеп бітіруші түлектер, 2014 жылғы 2 маусым күні Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруды бастады. Республикамыздың 155 пунктінде ҰБТ өтеді, оған тоқсан екі мыңнан оқушы қатысып, сынақ тапсырады. ҰБТ-ның бірінші күнінде ҰБТ 62 пунктіде өткізіліп, оған 27 мың 670 оқушы қатысады.
– Біздің облысымызда Ұлттық бірыңғай тестілеу 3,4,5 маусым күндері 10 пункт базасында өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу үшін ҰБТ пунктерінде 96 дәрісхана дайындалды. ҰБТ өткізілетін пункттерде темір іздеуші, ұялы байланыс телефондарының дыбысын өшіретін және бейнебақылау жасайтын құралдармен жабдықтау жұмыстары күшейтіліп, осы құралдармен жабдықталып отыр. Ал, енді Ұлттық бірыңғай тестілеудің өту түрі өзгеріссіз қалды. Мектеп бітіруші түлектер бес пән бойынша тест тапсырмаларын орындайды. Жалпы сұрақтар саны-125. Жоғары оқу орындарына түсу үшін шектік деңгей баллы өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 70 балл, медициналық оқу орындарына – 55 балл, қалғандарына кемінде 50 балл жинау керек. Еліміз бойынша төрт мың төрт жүз оқушы «Алтын белгіден» үміткер болса, солардың 117- біздің облысымыздан. Түлектер бес пәннен емтихан тапсырады,-деді бізге Қостанай облысы білім саласындағы бақылау департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы Ырсалды Келінбердиева.
Гүлназым Сағитова