Үкімет басшысы сүт зауытында
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қостанай қаласындағы «Милх» сүт зауытына барды. Мұнда кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен, өндіріс технологиясымен танысты. Компания сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарып, оны ішкі нарыққа және Ресей Федерациясының аймақтарына экспортқа жөнелтеді. Алдағы уақытта кәсіпорын Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. Компания зауыттарында заманауи жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. 2023 жылы неміс серіктесінің қолдауымен ірімшіктер шығаратын жаңа өндірістік кешен іске қосылады. Премьер-Министр агроөнеркәсіп кешеніндегі басты міндеттердің бірі ауыл шаруашылығының өңделген бәсекеге қабілетті өнімдерін, атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыру екенін атап өтті. Алға құрылып отырған жоспармен зауыт басшылығы да хабардар етті.«Ендігі жоспар – жаңа ірі өндіріс кешенін салу. Жоба құны – 7,2 млрд теңге. Өндіріс қуаттылығы тәулігіне 250 тонна болады. Жылдық айналым 18 млрд теңге жетіп, осыған дейінгі 3 зауыттың табысынан 1,5 есе аспақ. Кешен толығымен автоматтандырылады. Сондай-ақ жаңадан 35 адам жұмыспен қамтылады», – деді «Милх» ЖШС дриректоры Сергей Блок.
Бұл жобаны іске асыру үшін жылдық айналымы 750 млн еуро болатын шетелдік сауда желілерімен келісім-шартқа қол қойылған. Өндірісті өрістету бағытында басқа да ірілі-ұсақты жобалар жүзеге аспақ. Премьер-министр цехтарды аралап, сүт өнімдерінің дәмін татып көріп, жақсы бағасыне берді.Сонымен қатар Премьер-Министр кәсіпорында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу өткізді, онда агроөнімдерді қайта өңдеу және экспорттау, жұмыс орындарын құру, субсидиялау, жеңілдікті несие беру, суару, жемшөп дайындау және басқа мәселелер талқыланды. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы «Қарқын агрофирмасы» ЖШС директоры Еркін Бұқанов өндірісті дамыту үшін несие алуға көмектесуін сұрады.«Біз несие аларда қажетті құжаттарды өздері ұсынған ереже бойынша жинақтадық. Бірақ «ҚазАгро» келіп «Бәйтерек» ұлттық компаниясымен біріккен соң несие шарттары айтарлықтай қатаңданып кетті. Ақырында талап етілетін кепілдемені қою мүмкін болмай келеді. Әрине, бар күшімізді салып, өз бетімізбен өндіріс ауқымын кеңейтуге, қол астымыздағы жұмысшыларды сақтап қалуға тырысып-ақ келеміз. Дегенмен тынысымызды кеңейтерліктей, жеңілдік мүмкіндігі қаралса деген тілегіміз бар», – деді Е.Бұқанов.
Әлихан Смайылов мемлекет өндірушілерді қолдауды кезең-кезеңімен, оның ішінде субсидиялау және кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыру арқылы кеңейтуді жалғастыратынын атап өтті. «Биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 2 есеге артты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік саланы нығайту тұрғысынан аса маңызды. Біз жұмсалған әрбір теңгенің өнімділігі мен тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Жүйелі мәселелер апта сайын қаралады, бизнестің мәселелерін шешеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір осы саладағы кәсіпкерлерге қойылатын барлық талаптарды қайта қарап жатыр, олардың 20%-ға жуығы қысқартылатын болады. Тиісінше, бизнеске әкімшілік жүктеме жақын арада төмендейді», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.