Сақтансаң ғана…

Маусым – суға түсу маусымы басталатын ай. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер осылай жария етсе де, бастысы, ауа райының  қолайлы болғанын күту абзалырақ. Дегенмен маусым басталмай тұрып-ақ еріктерінше шомылып жататындар көп кездеседі. Ондай әрекет өмірге қауіпті. Кім-кімге де мамандар пікіріне құлақ асқан артықтық етпейді:kupalnyy_sezon
– Суға түсу үшін суы таза, түбі құмды немесе ірі құмды, аса терең емес  (2 м дейін), екпінді ағысы жоқ (0,5 м/с дейін) маңды таңдау керек,- дейді «Қостанай облысы ТЖД Суда-құтқару қызметі» ММ бас құтқарушысы Еңсепбай Маржан. – Мүмкіндігінше, су температурасы 17-19 0С, ауа температурасы 20-25 0С кезінде шомылу ұсынылады. Суда небәрі 10-15 минут болу, суға түсер алдында денені сумен сүрту қажет.
Қазір суда құтқару қызметінің мамандары маусым басталар алдындағы қауіпсіздік шараларын өткізу қамында. Бүгінгі уақытқа дейін қаладағы 60 мектептің оқушылары арасында арнайы жиындар ұйымдастырылды. Олар дәрістер тыңдап, нұсқаулықтармен танысты. БАҚ арқылы да насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті телеарналарда ескертпе бейнероликтер көрсетілмек. Радиодан да қауіпсіздікті насихаттау хабарламалары жарияланатын болады.
Құтқарушылар ақпараттық-насихаттық жұмыстармен шектеліп отырған жоқ.  Жағажайлардағы суға түсетін орындардың лайықты-лайықсызын анықтап, арнайы белгілер орнатуда. Тынымсыз рейдтер жүргізіліп, өзен-көлге маңайлаған демалушылармен және балықшылармен профилактикалық жұмыстар жасауда.
-Облыс тұрғындарына айтарымыз мынау: Жақсы жүзе білу – суда қауіпсіз демалудың маңызды кепілі. Бірақ жақсы жүзуші де әрқашан сақ болуы, тәртіпті және суда өзін ұстаудың ережесін қатаң ұстануы керек. Сақ болыңыздар! – деп ескерту жасайды бас құтқарушы Маржан Еңсепбайқызы.
"Сақтансаң ғана сақтайды".Бір демалыс бүкіл өмірге балта шаппас үшін осы қағиданы ұстанған жөн-ақ. Құтқарушыларды жаз бойы жұмыссыз қалдыру әрқайсымыздың қолымыздан келетінін түсінуіміз керек!
 
Жандос Жүсіпбек

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓