ЕУРООДАҚ ЕКІГЕ ЖАРЫЛА МА?
Жұмыр жер бетін жайлаған қаржы дағдарысынан арылудың қамымен мемлекеттер өзара ынтымақтасып, экономикасын күшейтіп жатқанда, әлемде нөмірі бірінші саналатын Еуроодақтың құрамынан шыққысы келетіндердің қатары қалыңдады. Атап айтар болсақ, Ұлыбритания аталған одақтың құрамынан шығуға ниет білдірді. Корольдіктің премьер-министрі Дэвид Кэмерон өз елін одақтан жырып алуды ойластыруда.
Ұлыбритания мемлекеті Еуроодақтан 2016 жылы шығуды жоспарлап отыр. Яғни, алдағы жылы осы елде референдум өткізілмек. Үкімет басшысы отандастарының тарихи таңдау барысында, өзін қолдайтытына нық сенімді. Бұлай деп тон пішуімізге Ұлыбританияда жүргізілген сауалнама нәтижесі себеп болуда. Сауалнама қорытындысына жүгінер болсақ, британдықтардың 77 пайызы өз елдерінің Еуроодақтың құрамынан шыққанын қалап отыр.
Британдықтардың Еуроодақтан бас тартуына АҚШ-тан бастау алған қаржылық дағдарыс түрткі болуда. Бұған дейін бір өзі бірнеше мемлекеттің жүгін тартып келген Корольдіктің бұдан кейінгі қайырымдылыққа қауқары да, қаржысы да қалмаған сыңайлы. Тапқанын ортаға тастаудан жалыққан ел – енді тек өз қамын ғана күйттеуді жөн көріпті.
Әзірге, Ұлыбританияның тілек-лебізін одақтас елдердің басшылары жүре тыңдауда. Осыған әбден ызасы келген Кэмерон – Одақтан шығу мәселесін келер жылы төтесінен қоятынын мәлім етті. Мұндай жағдайда, Одақтың белді мүшелері Франция мен Германия сөзбұйдаға салмай, нақты жауап беруі тиіс. Жалпы алғанда, аты аталған екі ел де, Еуроодақтың тұтастығының сақталуына мүдделі. Бұлай дейтініміз, 2017 жылы Германияда федералдық сайлау жоспарланған. Аталған ел тұрғындарының басым бөлігі Еуроодаққа сенім білдіріп отыр. Ұлыбритания Еуропалық бірлестіктен шығатын болса, одақтың тұтастығына сызат түседі. Мұндай жағдайда, Германияның қазіргі билігінің электораттарынан қағылуы ықтимал. Дәл осы жылы Францияда да президент сайлауы өтуі тиіс. Олар да, одаққа үлкен сенім артуда.
Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, Ұлыбритания Еуроодақтан шықпайды. Бар болғаны, Британия премьері екі елдегі елеулі оқиғаны сәтімен пайдаланып, өз еліне жағдай жасап, қажетті жеңілдіктерді алуға тырысуда. Дәл осындай жағдайдың Греция мемлекетінде де орын алғанын айта кеткен абзал. Атап айтқанда, қаржы дағдарысына байланысты, аталған елдің үкіметі жаппай үнемділікке көшкен болатын. Осының салдарынан, Греция Еуроодақтың бірқатар талаптарын орындаудан бас тартты. Тіпті, мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға алған несиесін қайтарудан қашқақтап, қаржыны кешіруді талап еткен еді. Әзірге, аталған ел мен Еуроодақ арасындағы келіссөз мәресіне жеткізілген жоқ. Екі жақ келісімге келмеген жағдайда, Греция – қаржылық құрдымға кетеді. Тұтастай мемлекет банкрот болғалы тұрғанда, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның талабы – одақтастары үшін, шынымен де еркелік болып көрінері анық.
Жұматай Кәкімжанов