Облыста ҚР президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабы құрылды
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ҚР президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабын құру туралы брифинг өткізді. Алқалы жиынды партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова ашып берді.
11 наурыз күні Астанада партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI Съезі өткен болатын. Осы жолы партия отырысына 2000-нан аса адам қатысты. Олардың ішінде Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық компаниялардың басшылары және қоғам қайраткерлері мен төртінші билік өкілдері болды. Съезд төңірегінде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің жұмысы мен Орталық бақылау-ревизиялық комиссиясының есебі талқыланып, олардың құрамы сайланды. Съезд делегаттарының шешімімен «Нұр Отан» партиясының атынан ҚР президенттігіне Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы қаулы шығарды. Партия осы күннен бастап еліміздің әр облысында қоғамдық штабтар құру жұмысын қолға алды. Ал белгілі саясаткер Мұхтар Құл-Мұхаммед президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабын басқаратын болды.
Өз кезегінде Әлия Сүйіндікқызы Елбасын қолдау штабы төрағасы Сәкен Мәкенұлы Төкеновты таныстырды. Осыған дейін Сәкен Мәкенұлы Рудный қаласының әкімі, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары, облыстық және қалалық маслихаттың төрағасы сияқты бірнеше лауазымды қызметтерді атқарған.
– Бәріңізге белгілі, биылғы жыл Қазақстан үшін елеулі болғалы тұр. Ақпан айында Қазақстан халқы ассамблеясының елімізде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бүгінде ол ұсыныс қазақстандық жалпы қауымның, қоғамдық бірлестіктер мен құқықтық жағынан толық қолдау алды, – деді өз сөзінде Сәкен Төкенов.
Жалпы облысымызда 4 қалалық, 16 аудандық және 1 облыстық штаб жұмыс жасайтын болады. Қоғамдық штабтың басты мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасын ел ішінде кеңінен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және оның кандидатурасын жан-жақты қолдауға қол жеткізу. Сондай-ақ, штаб «Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын iске асыру жөнiндегі шаралар туралы» Жарлығын қатаң сақтай отырып жұмыс жасайды. Барлығы 48 адамнан тұратын облыстық штаб құрамына қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ғылым және мәдениет салаларының көрнекті өкілдері, ЖОО басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері енді. Мұның сыртында 1 жарымға жуық ерікті сайлауды өткізуге көмек көрсетуге ынта білдірген.
Бас қалада өткен Съезде Елбасы мемлекеттің алдында жаңа міндеттер мен мақсаттар тұрғанын атап көрсеткен болатын.
Біріншіден, мемлекеттік құрылыстарда сыртқы негативті факторларды болдырмау; Екіншіден, жинаған даму қарқынымызды сақтау; Үшіншіден, алдағы күнге өсу деңгейін жасау; Төртіншіден, дамыған 30 елдің қатарына ену.
Елбасы мемлекеттілікті нығайтудың 5 реформасын ұсынды. Бұл бес бағытта мемлекеттік қызмет көрсету, заң саласы, экономикалық өсім және ұлт болашағы қамтылған.
– Елбасының атап өткен бес халықтық реформасы Қазақстанның болашақта дамуының бірден-бір кепілі болады деп сенемін. Біздің алдымызға қойылған мақсат айқын, атқарылатын жұмыстар көп. Облыстық қоғамдық штабтың мүшелері аудандарға шығып, халықпен жүздесетін болады. Үгіт-насихат жұмыстары 26 наурыздан бастау алады,- деді Әлия Сапарова.
Осы ретте жұмылған жұдырықтай бір жерден табылу, сөзіміз бен ісіміздің үйлесімін келтіру, ілгері дамуға барымызша үлес қосу – баршамыздың парызымыз. Еліміздің баянды болашағын айқындайтын жасампаздық жолы да осыны міндеттесе керек.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков