«ДИНАМО» – облыс чемпионы
Волейболдан Қостанай облысының ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Астықты өлкенің қалалары мен аудандарынан он бес команда жиналып чемпиондық атақ үшін сынға түсті. Турнирдің салтанатты ашылуына Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов қатысты. Тартысты өткен доп додасының финалдық кезеңіне Қостанай облысы ІІД қызметкерлерінен жасақталған «Динамо» және Рудный құрамасы жолдама алды. Ұпай саны бойынша озып шыққан қос команда ақтық сында керемет ойын үлгісін көрсетті. Алғашқы үш партияның барысында рудныйлықтар 2-1 есебімен алда тұрған еді. Бірақ, жеңіске деген талпынысының арқасында Қостанай облысы ІІД-нің басшысы Тілеген Мәткенов бастаған тәртіп сақшылары келесі екі партияны өз пайдаларына шешті.
Турнир қорытындысы бойынша Рүстем Аманов «Үздік либеро» және Вячеслав Письменный «Үздік ойын үйлестіруші» атағын алды. Ал «Интер» командасының ойыншысы Роман Резков «Үздік шабуылшы» атанды. Жарыстың бағалы ойыншысына берілетін сыйлыққа Рудный құрамасынан Мади Комбаров ие болды.
Қасқырбай Қойшыманов