Автонесиелендіру аялдай тұруы мүмкін

Республика аумағында отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен ұсыну бағдарламасы осы жылдың 20-сәуірінде бастау алған болатын. Бағдарлама бойынша 5, 6 млн теңгелер көлеміндегі қазақстандық темір тұлпардың 55 моделі ұсынылған-ды. Жоғарғы тиімді мөлшерлемесі – 7,5 пайыз, бастапқы жарна – 20 пайызға дейін, ал несиелендіру мерзімі 5 жылға дейін болып белгіленді. Жағымды жаңалықтың жүзеге асуын тағатсыз тосқан жұртшылықтың өтінімдерін екінші деңгейлі 6 банк қарады: «Евразиялық банк» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Ресей Сбербанкі» АҚ, «АТФ» және «Форте банк» АҚ. Бүгінге дейін, ұзын-ырғасы, 2500-дей қазақстандық арзан несиеден ниет қылса, соның 2200-ге жуығының үр жаңа автокөлікке қолдары жетті. Осынша адамды автонесиелендірумен қамту барысында 7 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бұл – ағымдағы жылдың 25-мамырындағы көрсеткіш. Айта кету керек, аталмыш банктерге қаржы құйған – Қазақстан даму банкі болатын.avto2
Қазақстан даму банкі мамандары автонесиелендіруге құйылған қаржы төбеміздегі тамыз айында таусылуы мүмкін екендігін айтып отыр.
«Бұлай болжамдауға 2015 жылдың сәуір-мамыр айларында келіп түскен өтінімдер ауқымдылығы негіз болды,- дейді Қазақстан даму Банкінің құрылымдық қаржыландыру департаментінің директоры Мөлдір Сауытбекова.- Алайда, жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы алдағы 20 жылға есептелгенін ескерсек, екінші деңгейлі Банктерге қаржы бөлу ұдайы жаңғыртылып отырады.»
Белгілі болғандай, аталған 6 банктің үшеуі автонесиелеуді уақытша тоқтатқан. Еуразиялық банк, бөлінген қаржы үлесінің толық жұмсалып бітуіне байланысты, бағдарламаны 23-сәуірден бастап аялдатыпты. Нақ осындай жайт Ресей Жинақ Банкіне де тән. «Банк Центр Кредит» АҚ-нда қаражат түгесілуге таман болғанымен, өтінімдер әлі қабылдануда екен. Ал, Қазақстан халық банкінде қазіргі уақытта тек «АгромашХолдинг» АҚ өндіретін SsangYong пен Peugeot көліктеріне ғана  несиелендіру жүріп жатыр. Енді аталмыш бағдарламаның «екінші демін ашуға» құйылмақ қаржы әуелгі лимиттер бойынша жүзеге асады. Мәселен, Халық банкіне – 4 млрд., еуразиялық банкіге – 3 млрд., ал қалған 4 қатардағы банктерге 2 млрд-тан қаражат салынбақ.
Қазақстан даму банкінің тағы бір мәліметіне сүйенсек, ай сайынғы төлемін кешіктірмей төлеген несие алушылар таяу келешекте банкіге қайта жүгіне алады. Нақтысын айтқанда, екі ай өткеннен соң-ақ кезекті рет автонесиеге өтінім беруіне кез келген азаматтың мүмкіндігі бар екен.
 
Жандос Жүсіпбек
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓