Қостанайда жаңа мешіт ашылды
Бүгін Қостанай шаһарында мұсылман жамағаты үшін айрықша күн болды. Себебі, 9 ықшам ауданында жаңа мешіттің ашылу салтанаты ерекше аталып өтті. Оған облыс әкімі Нұралы Садуақасов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Досмұқасан» ансамблінің әншісі Ақжол қажы Мейірбеков, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысының өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек және басқа да азаматтар қатысып, сөз сөйледі.
Бұл мешітті жамағатымыздың игілігіне жаратуға бар-күш жігерін салып, демеушілік жасаған «Ерлан» ЖШС-нің бас директоры Төлеген Жайлаубаев еді. Оның бұл еңбегіне өзінің ризашылығын білдірген облыс әкімі: – Қостанай өңірінің азаматы Жайлаубаев Төлеген Ғалымұлы осы бір тамаша ғимаратты мұсылман қауымға сый ретінде ұсынып отыр. Бұл азаматқа өз атымнан және қостанайлықтар атынан алғыс айтамын. Елімізде осындай азаматтар көп болсын! Әрқашанда еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, үлкен жетістіктерге жете берейік!– деп Нұралы Садуақасов Қостанай топырағына алғаш келген Ержан қажы Малғажыұлына да алғысын жеткізді. Ол кеше ғана өңіріміздің мұсылман жамағатымен арнайы кездесу өткізіп, ой бөліскен-ді. Осы салтанатты іс-шарада Н.Садуақасов былтырғы жылдан бері үшінші мешіттің аймағымызда бой көтеріп жатқандығын да тілге тиек етіп, одан әрі игі дәстүр жалғаса берсін деген ниетін білдірді.
Нұрболат Мешітбаев
ЖАМАҒАТЫМЫЗ ҮШІН КЕРЕМЕТ… БҰЛ МЕШІТТІ БІЗ КӨПТЕН КҮТКЕН ЕДІК. ТӨЛЕГЕН СИЯҚТЫ КӘСІПКЕР АЗАМАТТАРЫМЫЗ КӨП БОЛСЫН!