Күнгейден жеткен қырыққабат
Қостанайға Түркістан облысынан 18 тонна қырыққабат жеткізілді деп хабарлайды «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы.
«Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты, оңтүстіктегі жерлестерімізге жергілікті кәсіпорындар қолдауымен «Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалы 20 тонна ұн жіберген болатын. Гуманитарлық көмекке қолдау білдірген «Salamat» және «Атамекен-Дос» ЖШС қоймаларында партияның волонтерлері мен белсенділері тиеген болатын. Ұн тиелген жүк көлігі Мақтааралға дейін жетіп, сол жақтағы отандастарымызға таратылып берілді», – дейді партия өкілдері.
Жүк көлігі күнгейден кері Қостанайға қарай бос оралмапты. Жолай Сарыағаш ауданының Төңкеріс ауылынан 18 тонна қырыққабат демеушілер көмегімен сатып алынған. Бұл көкөніс облысымыздың аз қамтылған отбасыларына әкелініп отыр. Партияның облыстық филиалы волонтерлері қырыққабатты алып кетуге келген партия филиалдары өкілдерінің жүк көліктеріне көкөністерді тиеуге көмек көрсеткен екен.
«Birgemiz» акциясы аясында енді қырыққабат облыстың қала аудандарында тұратын аз қамтылған отбасыларға таратылып берілетін болады. Аудан-қалалардағы филиалдар жергілікті жердегі жағдайы төмен отбасылардың тізімін жасап, сол тізім бойынша акция аясында мекенжай бойынша көмек өз жалғасын табатын болады», – делінген ақпараттық хабарламада.